Сағынтаев қаланың абаттандыру жұмысын тексерді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Медеу ауданында орналасқан саябақ, алаң, аулаларды абаттандыру жұмысын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаев Instagram -дағы парақшасында Кіші Алматы өзенінің жағалауындағы абаттандыру жұмыстары жайында жазды. h

«Ұзындығы 8,9 шақырым болатын Терренкур су қоймасының экожүйесі сақтала отырып, бұл жер абаттандырылып, ретке келтіріледі. Ұзындығы 4,2 шақырым Есентай өзенінің су қорғау белдеуі мен арнасында қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Өзен арналары тазартылып, жағалауы нығайтылуда. Осылайша қала аумағында бірегей табиғи парк құрылады»,– деп жазды қала басшысы.

Коперник пен Добролюбов көшелерінің қиылысында балалар және спорт алаңы бар, жаяу жүргіншілерге арналған ыңғайлы аймақ пен Кіші Алматы өзенінің жағалауында абаттандырылған қоғамдық кеңістік салынуда. Бұрын бұл жер қараусыз жатқан учаске еді. Сондай-ақ ауданда Бөгенбай батыр көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер аймағы, Достық саябағы мен аула аумақтары жөнделіп, қайта құрылуда.

«Бастысы құрылыс материалдарының сапасына мән беріп, жаяу жүргіншілер аймағы мен демалыс орындарын салу кезінде азаматтардың пікіріне құлақ асуды тапсырдым. Дәл осылай 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы мен қараусыз жатқан Шухов сквері жөнделді. Сондай-ақ саябақ пен жаяу жүргіншілер аймағы, аулалар жаңартылады.

Жалпы биыл қалада 20 гүлзар мен 2 саябақ жөнделіп, 16 жасыл аймақ пен 7 жаяу жүргіншілер көшесі, 5 өзен жағалауы абаттандырылмақ. Барлық абаттандырылатын аймақтардың жалпы ауданы – 284 га», – деп атап өтті Алматы Бақытжан Сағынтаев.