«Апта ішінде мен мемлекеттік сатып алу, жекешелендіру және бизнесті тексеруге қатысты кеңес өткіземін. Міне, осы үш кеңесті жұмаға дейін өзім өткіземін», - деді Сағынтаев.
Сонымен қатар Премьер-Министр кешегі Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасының әрбір министр өзіне бағынышты органның дамуына тікелей жауапты екендігін ескерткендігін еске салды.
«Сондықтан сіздердің әрқайсыларыңызда туындаған проблемалық мәселелерді дербес шешуге және әріптес министрлермен бірлесе табысты жұмыс істеуге жеткілікті құзірет бар. Осыған орай Премьер-Министр кеңсесіне мұнан кейін министрлердің, әкімдіктердің тікелей өздерінің құзіретіне жататын мәселелерге қатысты хаттарын қабылдамауды тапсырамын. Сонымен қатар менің және орынбасарларым деңгейінде өздеріңіздің құзіреттеріңізге қатысты мәселелер бойынша кеңес өткізуге тыйым саламын», - деді Үкімет басшысы.