Сағынтаев қоғамдық кеңестер мәселесіне назар аударуды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат -БүгінҮкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев үкіметтік емес ұйымдар мәселесінде қателікке жол бермеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін тараптар айтқан ұсыныстардың барлығы қаралатын болатын. Барлығын жинақтап, негізгі ұсыныстарды бір шешімге келтіру үшін қадамдар жасалауы қажет. Қателіктерге жол бермес үшін барлығын тыңғылықты пысықтау керек», - деді Үкімет басшысы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевқа қаратып айтқан сөзінде.

Сонымен қатар, Б.Сағынтаев қоғамдық кеңестер жұмыстарына тоқтала келе, бұл кеңестер өткен жылы құрылғанын еске салып өтті.

«Былтыр ғана құрылғандықтан, әлі де жұмыстарында қарқын алмаған болар. Егер де қандай да бір мәселелер туындаса, оған назар аудару керек. Сондықтан бұл бағыттағы ауқымды шараларды жалғастыру маңызды»,-деп атап өтті Премьер-Министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев үкіметтік емес ұйымдар қоғамдық кеңестер отырыстарында дұрыс қамтылмай отырғандығын мәлім етті. 

«Шешімдер қабылдау үдерісінде үкіметтік емес ұйымдарды тарту тиісті деңгейде атқарылып отырған жоқ. Қоғамдық кеңестерде сайлау жүргізілген кезде диалогтың тапшылығы анық байқалды. ҮЕҰ-лар бағалауы бойынша, белсенді қоғамдық ұйымдар мен БАҚ-тың, жастардың жеткіліксіз деңгейде қамтылуы қоғамдық кеңестер отырыстарында халықты толғандыратын мәселелердің тиісті жағдайда көтерілмеуіне алып келуде», - дедіЕрмекбаев.