Қала әкімі Instagram -дағы парақшасында цифрландырудың қылмыспен күресте ең тиімді құрал екенін жазды.
«Тиімді қоғамдық қауіпсіздік, ең бастысы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын орындарға бейнебақылау жобаларын енгізудеміз. 2019-2020 жылдары 1 мың бейнекамера орнатылды, 103 осындай камера цифрлық форматқа ауыстырылды, ПД-нің жедел басқару орталығы жаңарды және бақылау орталығы құрылды»,– деп жазды Б. Сағынтаев.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, жалпы Алматыда бюджеттік бағдарламалар бойынша, жеке ұйымдар мен мемлекеттік-жеке әріптестік аясында орнатылған 120 мың бейнебақылау камерасы пайдаланылуда. Сыртқы бейнебақылау жүйесінің көмегімен 6 мыңға жуық қылмыс ашылды. «Сергек» бейнекамералары 1,4 млн бұзушылықты тіркеді.
«Барлық автобустарда орнатылған бейнекамералардың арқасында қалта ұрлығы 2 есе азайды. Сонымен қатар, қоғамдық көлікте ұрлық жасаған 85 қылмыстық топ әшкереленді», – деп атап өтті Алматы әкімі.
Сонымен қатар, ол барлық бақылау жүйелерінің дерекқорын интеграциялау және жасанды интелект қолдану Алматыда қылмыстың төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.