Сағынтаев: Қырғызстанға әр адамға шаққанда жеке тауарлар тым көп мөлшерде келіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанға Қытайдан импорттық тауарлардың адам басына шаққанда тым көп еніп жатқанын айтып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жеке тауарлар импортының сараптамасы адам басына шаққандағы тауар тасымалының Қырғызстанға мөлшерсіз артып кеткенін көрсетеді. Мәселен, Қытайдан 2016 жылы Қырғызстанға 7710 тонна киім әкелінген. Салыстырып қарасақ, Қытайдан Ресейге 4260 тонна, Қазақстанға 327 тонна киім экспортталған. Бұған қоса, адам санына шаққандағы санат бойынша Қытайдан Қырғызстандағы 1 адамға 1,3 келі киім, Ресейдегі 1 адамға 0,03 келі, Қазақстандағы 1 адамға 0,02 келі киім әкелінгенін көрсетіп отыр. Осылайша, Қырғызстанға Қытайдан Қазақстанға қарағанда 65 есе, Ресейге қарағанда 43 есе көп киім әкелінеді», - деді Бақытжан Сағынтаев Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында.

ҚР Премьер-министрі сонымен бірге, Қырғызстанға Қытайдан әкелінетін аяқ киімдердің мөлшері 46,6 мың тонна немесе қалыптан 3 есеге көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, 2016 жылы Аспанасты елінен Қырғызстанға аяқ киімдердің 2015 жылы 23 543 тоннасы, 2016 жылы 70 144 тоннасы әкелінген.

«Демек, Қытайдан Қырғызстанға әрбір адамға шаққанда (балаларды қосқанда) 15 жұп аяқ киімнен жеткізілген. Сонымен қатар, жеміс-жидектерге қатысты аталған көрсеткіш 1-ден 17 пайызға дейінгі өсімді көрсеткен. Кедендік бағаға қатысты салыстыру жұмыстары Қырғызстанда тауардың кедендік бағасы Қазақстанмен салыстырғанда айтарлықтай төмендетілгенін көрсетіп отыр. Мәселен, әйелдердің аяқ киімі бойынша кедендік баға Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда 10,5 есеге, әйелдер жейдесі, жапқыштар бойынша кедендік баға 7 есеге аз. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады», - дейді Бақытжан Сағынтаев.

ҚР Премьер-Министрі жоғарыда келтірілген мәліметтер Қырғызстанда кедендік қызметтің әкімшілігінің жұмысы әлсіз екенін көрсететінін мәлім етті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай , Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2015-2017 жылдар бойынша ҚХР мен Қырғызстан өзара сауда-саттығының кедендік статистика мәліметтерінде елеулі айырмашылықтың барын мәлім еткен болатын.

Фото: primeminister.kz