Сағынтаев Майя Гойковичпен Қазақстан-Сербия ынтымақтастығын талқылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Сербия Халық Скупщинасының төрайымы Майя Гойковичпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кездесу барысында екі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының түрлі салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері және ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, электр энергетикасы, құрылыс, туризм, көлік және фармацевтика салаларында, технологиялық жаңғыртуда, қалалану, су ресурстары және өзге де бағыттарда нақты инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылдың қаңтар-тамыз аралығында $33,3 млн құрады, бұл 2016 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 2,4 есеге көп. Өзара сауда көлемі 2016 жылы $26,3 млн құрады. Экспорт құрылымы негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерінен тұрады.

Қазақстанда 24 серб кәсіпорны тіркелген, олар негізінен көтерме және бөлшек сауда, тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттар құрылысы саласында қызмет көрсетеді. Сербия Премьер-Министрінің ҚР-ға 2016 жылдың 16 қарашасындағы жұмыс сапары барысында Қазақстан мен Сербия арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2017-2018 жылдарға арналған Жол картасына қол қойылған болатын.