Сағынтаев «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасының кемшіліктерін тоқсан сайын түзетуді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы сәтті басталды. Мұндай пікірді бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақтөбе облысында  іс-сапармен болған кезде әлеуметтік жаңғырту бойынша  бүгінгі көтеріліп отырған мәселе жан-жақты талқыланды. Ол кезде жұртшылық тарапынан айтылған мәселелерден, бүгінгі баяндамалардан, әкімдердің есебінен көріп отырғанымыздай, жергілікті жерлерде бағдарламаның  сәтті басталғаны  айқын. Сол себепті де жұмысты одан ары жандандыруымыз қажет. Тамара Қасымқызы (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Дүйсенова)  әр тоқсан сайын қорытындысын қарап,  кемшіліктері болса түзеп, бүгінгі айтылған ұсыныстардың бәрін жүзеге асыруға тырысу керек», - деді Үкімет басшысы.

Айта кетейік, Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы қатысушыларының саны 80 мың адамға жеткенін мәлім еткен болатын.  

Жалпы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына  орай ҚР Үкіметі әзірлеген Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасының мақсаты - нәтижелі жұмыспен қамтуға жағдай жасау арқылы халыққа өз табыстарын арттыруға мүмкіндік беру. Бағдарламамен  15 пен 45 жас аралығындағы 550 мыңға жуық адам қамтылады. Олардың 84 пайызы ауыл тұрғындары болмақ.