Сағынтаев шетелдіктерді қазақстандық компаниялардың иесі атануға шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев инвесторларды жекешелендіруге қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Инвесторлар үшін қазіргі уақытта Қазақстанда жүргізіліп жатқан жекешелендірудің ауқымды екінші толқыны зор мүмкіндіктер береді. Үкімет экономиканы мемлекет иелігінен алу бағытын жүзеге асыруда», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-Министр қазіргі уақытта елімізде 900-ден астам компания бәсекелестік ортаға берілетіндігін атап өтті.

«Барынша тартымдысы мемлекет меншігіндегі және квазимемлекеттік сектордағы 65 үздік компания саналады. Оның 57-сі - ұлттық холдингтер. Мен сіздерді аталған жекешелендіруге қатысуға шақырамын. Бүгінде барынша тиімді кезең туып отыр. Біз бұл тақырыпқа жеке сессия арнаймыз», - деді Министрлер кабинетінің басшысы.