Құрылыс жүргізетін компаниялардың өкілдері Үкімет басшысын жаңадан салынатын нысандардың жобаларымен таныстырды. Жоспар бойынша қалашықта көпқабатты 324 тұрғын үй, 7 мектеп, 23 балабақша орналасады. Сондай-ақ саябақтар, спорт кешендері мен мәдениет ғимараттары бой көтеретін болады.
Бүгінде аталған аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның, 31 тұрғын үйдің және 1 200 орындық мектептің құрылысы басталған. Үстіміздегі жылы жалпы аумағы 30,2 мың шаршы метр болатын көпқабатты 10 тұрғын үй пайдалануға берілмек. 9 нысаннан тұратын көпқабатты 21 үй және 1 мектептің құрылысы 2019 жылы аяқталады.
Айта кетейік, биыл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалпы аумағы 730 мың шаршы метр болатын, 6 615 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 236 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде.
Сонымен қатар, облыс елді мекендерінде мамандарға арналған екіқабатты 31 қызметтік тұрғын үй тапсырылатыны жоспарланған.