«Бірқатар өңірлердің баяндамасын, есебін тыңдадық. Тағы да қосымша уәделерін алдық. Дегенмен, Елбасының тапсырмасы бойынша өсім 4 пайыздан (ЖІӨ көрсеткіші - авт.) төмен болмауы керек. 8 айдың қорытындысы 3,8 пайызды көрсетіп отыр. Тимур Мұратұлының (Сүлейменов - авт.) баяндамасында көрсетілгендей, жылдың соңына дейін 4 пайызбен аяқтау үшін біз 4 айдың көлемінде 4,2 пайызбен өсуіміз керек. Жұмыс күрделенді. Белгілі мысалдағыдай «ала жаздай ән салып, шырылдаған шегірткедей» күз түскенде дірілдеп, жұмысымыз жүрмей қалып жүрмесін. Негізгі мәселе - тамыз айындағы жұмыстың жүрмеуінде. Босаңсып кеттік. Сол себептен, Елбасының тапсырмасын орындап, жылды жақсы көрсеткішпен аяқтау керек», - деді Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы осы себепті өңір басшыларына мән-жайды анықтап, жұмысын тиісті дәрежеде атқармаған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырлды.
«Қабылданған шаралар мен тәртіптік жазалар туралы ақпарат бір аптаның ішінде Премьер-министр кеңсесіне тапсырылатын болсын. Ұлттық экономика министрлігі, мүдделі мемлекеттік органдармен Премьер-министрдің кеңсесімен біріге отырып, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, «Атамекенмен» бірлесе отырып, селекторлық кеңес өткізуді тапсырамын», - деді Бақытжан Сағынтаев.