«Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша Мемлекет басшысы бағдарламаның тиімділігін жаңа технологиялар мен цифрландыруды енгізу есебінен арттыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігі әкімдіктермен, сондай-ақ мүдделі ұйымдармен бірлесе экспорттық өндірістердің бәсекеге қабілеттігін дамыту жөніндегі жұмысты үйлестіру қажет», - деп тапсырды Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Б. Сағынтаев ҚР Президенті өңірлік Индустрияландыру картасы аясында енгізілген, алайда тоқтап қалған жобаларға назар аударғанын атап өтті.
«Бүгінге осындай 15 жоба бар. Биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, төрт жоба Қостанай облысында, екі жобадан Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында, сондай-ақ бір жобадан Атырау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұралап қалған. Аталған өңірлердің әкімдері әрбір кәсіпорынмен тиісті жұмыстарды жүргізуі тиіс. Олардың тоқтап тұру себептерін тыңғылықты анықтау керек және өндірістерді іске қосу тұрғысында бірлескен шараларды қабылдау қажет. Жергілікті жерлерде қолдау жасаудың барлық тетіктері бар, сондықтан да 1 желтоқсанға дейін тоқтап тұрған барлық кәсіпорындардың қызметін жандандыруды қамтамасыз ету керек. Менің ойымша, аталған кәсіпорындардағы жағдайды сіздер білесіздер. Осы орайда мәселенің тиісті шешімі болады деп пайымдаймын»,-деді Б. Сағынтаев өңір әкімдеріне қаратып айтқан сөзінде.