Ол бала күннен домбыра ұстап, ғажайып үннің жетегіне ерді. Бала кезінде алдына берген малды төскейге жайып жіберіп, табиғатты тамашалайтын. Оған сол сәтте туған жердің тау-тасы да ән салып тұрғандай көрінетін. Таза ауаны рахаттана сіміріп, жапан далада әуелетіп ән салатын да өзінің дауыс мүмкіндігін байқайтын. Тау жаңғыра шыққан үнді ерке жел ала қашатын, сөйтіп, ауыл іргесі жақын болған соң ауылдастары да болашақ әншінің әнін тыңдап әсерленетін. Ондайда болашақ әнші бүкіл әлем ұмыт болғандай, өзінің ішкі арманын әнге қосатын. Кей-кейде көпшілік ішінде қошеметке бөленгендей әсер алатын. Ән құшағында жүріп, кешқұрым малдың бас-аяғын жинап, ауылға қайтқанда олардың азайып қалғанын да елемейтін. Сиқырлы да сазды әуеннің жетегінде өз ойымен әлек күйде арман құшағында жүретін. Баласының ата таяғын жөндеп ұстамағанына қатты ренжіген әке: «осы сенен малтабар ұрпақ шықпас, бар малды шашыратып қайда қарадың» деп кейігенін көріп көршілер: «Мана жотаға шығып ән салған сен бе, дауысың қандай зор, болайын деп тұрған бала екенсің!»- деп ризашылығын білдіріп, әкесіне: - Ол әлі бала ғой, бүгін кейіткенмен ертең жақсы атағыңды шығарады», - десіп әкесін жұбататын.
Шындығында да, еңбекпен шыныққан бозбала шымыр да сымбатты болып ержетті. Міне, бұл әңгімеміздің арқауы болып отырған халқымыздың сүйікті әншісі, Қазақстанның халық әртісі Серғали Әбжанов (1912-1976) еді.
Серғали жасы жиырмаға жеткенде қызыләскер қатарына алынады. Қазақтың атты әскер полкінің ансамбліне қатысып ән салады. Жолдас-жораларының алдында мерейі өседі. Өзінің әскери борышын абыроймен атқарып, Алматыға келгенде Қазақтың драма театрынан опера театрына өнер иелерінің бөлініп жатқанын естіп сол жерге келеді. Ол кезде Құрманбек Жандарбеков мен Күләш, Қанабек Байсейітовтер, Үрия Тұрдықұлова, Манарбек Ержанов сынды әншілеріміз осы ұжымға топтасып, өздеріне жүктелген жауапты міндетті шешуге ақылдасып жатқан. Серғалидың қоңыр дауысын естіп қуанысып, олар оны әншілікке қабылдайды. Осы тұста Серғали ағамыздың өнер жолындағы тұстасы, Қазақстанның халық әртісі Кәукен Кенжетаев өз кезінде не деді екен:
Кәукен: Опера театры 1934 жылы құрылды ғой. 1936 жылы Мәскеуге онкүндікке барды. Екі жылдың ішінде Күләш Советтер Одағының халық әртісі атағын алды. Ол кезде опера әншілері арнайы оқу оқымаған. Бұлар халықтың ішінен шыққан ірі дарын иелері, өнердің шыңын аңсаған, соны арман еткен адамдар. Құрманбек Жандарбеков, Қанабек, Күләштар да табиғи дарын, бірақ арнайы оқу оқымаған еді. Сол сияқты біздің Серғали Әбжанов та ауылдан келген, домбыра тартып, өлең айтатын адам болатын. Ол ірі әртістердің бірі. Дауысы баритон, Серғали екеуміз көбінесе бір рольді айттық. Ол «Ер Тарғынды» айтты, мен де айттым. Ол «Жалбырды» айтты, мен де айттым. Серағаңның өмірінің бәрі театрда өтіпті. Ол кісі жаз болса өнер ұжымын құрып ауыл аралайтын. Адамгершілігі мол, сүйкімді, қазақи, ылғи әңгіме айтып, жиын-тойдың көркі болатын-ды. «Әттең, не керек, кеш қалдым оқудан», - деп өкінетін еді, жарықтық»
Серғали 1934 - 37 жылдары әскер қатарында Қазақтың атты әскер полкінің ансамблінде ән салды. Әскерден соң Абай атындағы Қазақ опера және балет театры жанындағы әншілер дайындайтын студияны бітірді. Бойға біткен табиғи дарын өз арнасын тапты, өмір атты өзенде ол кісі ағысынан еш жаңылған жоқ.
Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ержеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - деп Абай атамыз жырлағандай, Серағаң «егер консерватория бітірсем, халқыма бұдан да пайдам көбірек тиер еді» деп әркез армандаушы еді.
Серғали Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында Бекежан, "Жамбылда" Сүгір, «Ер Тарғын» операсында Тарғын, Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсында Жанбота, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" операсында Жиренше, Н.Г. Жигановтың "Алтыншашында" Ормай, И.Н. Насировтың "Терең көлінде" Болаттың арияларын шебер орындады. Серағаң образға кіріп, соның мән-мағынасын ашуға шебер еді. Жан-дүниесімен өз ролін орындағанда көрерменді иландырып, сеніміне кіретін. Ол ойнаған рольдер табиғи ерекшелігімен әсерлі еді.
Серғали Әбжанұлы сондай-ақ өз жанынан "Батыр қыз", "Солдат сағынышы", "Жастық жыры", "Өрге тарт, менің өз елім", "Ер Төлеген", "Көкшетау", "Астанам" сынды әндерді шығарып, ел аралағанда көрерменге орындап, насихаттай білді.
Шіркін, көрікті ойды әуенмен жеткізгенге не жетсін! Серағаңдар театрда спектакль қойғанда халық залға лық толып сыймай кететін. Күләшті, халық арасынан шыққан дарындарды көруге халық ағылатын. Өйткені ол кезде қазақ операсының әуені халық әндерінен құрылған және көңілге шуақ орнататындай әсерлі еді. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, ол кезде опера десе халықтың ықыласы ерекше еді. Серғали текті жерден жар тапты, Мұхтар Әуезовтың «Абай» романындағы Әзімбайдың немересі Қатира Әзімбаева апамыз Қазақ радиосының алғашқы дикторларының бірі еді. Бүгінде Серағаңның артында қалған қызы Зәрузадан үш немере бар. Серғали Әбжанұлының жиені Фарихан Атханова көп жыл бойы Қазақ радиосында режиссер болып жемісті еңбек етті.
Серғали Әбжанов көзі тірісінде халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлымен жақсы араласып, сырлас болған. Өйткені Баукеңнің жұбайы Кәмеш Қатираның апайы еді. Баукең Серағаңның қоңыр дауысын сағынатын. Бас қоса қалғанда «Ал, Сәке, қоңыр домбыраңды қолыңа ал, бас әніңе» дейтін. Сол кезде Серағаң шабыттана отырып, домбырасын қағып-қағып жіберіп әнге басатын.
Серағаң жаз шыға өзі ұнатқан адамдарын жинап, шағын топ құрып ауылға аттанатын. Осындай сапарында думанды дүбірге ілесіп, бойындағы жастық жалынын көрермендерге сыйлауға, әнін төгіп жүрек қуантуға асығатын қарындастарының бірі әнші Сара Мамытова. Енді Серағаң жайлы бір үзік сырды Сара апай жалғастырсын:
- Серғали Әбжанов орта бойлы, әдемі қоңыр даусы бар, ақжарқын адам еді. Операдан демалысқа шығып, «Қазақконцертке» келді. Сол кезде Серғали ағамен екі-үш рет Ақтөбе, Шымкент, Қостанай облыстарын араладық. Ағайдың ерекше бір қасиеті адамгершілігі еді. Он екі адам кішкентай автобуста келеміз. Ауылға келсек бәріміз бір үйге түсеміз. Ол кісі қандай қиындық болса да ешкіммен сөзге келмейтін. Сондай мінезі жақсы, ақжарқын адам еді. Бірде аға қатты ауырып отырды: «Сара, қарағым, саған айтар бір-екі ауыз сөзім бар, сені туған қарындасымдай көремін. Ауырыңқырап жүрмін. Егер олай-бұлай болып кетсем саған тапсыратын аманатым бар. Менің домбырам, киім-кешегім далада қалып қоймасын, соны саған тапсырамын», - деген. Мен болсам:
- Қайдағыны неге айтасыз, әлі жүзге келесіз, - деп жақсы сөзбен жуып-шаятын едім. Сол кездегі өнер жұлдыздары деп Құрманбек Жандарбеков, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Серғали Әбжанов, Гүлнәфис Баязитова және Әли Құрмановтарды атауға болады. Мен солардан үлгі алдым, ол кісілердің өнері мен үшін үлкен мектеп еді.Осындай адамдармен әріптес болғаным үшін тағдырыма ризамын, - деп Сара Мамытова еске алған.
Серғали Әбжанов өзі еңбек еткен театрдың жанашыры ғана болмай, оны насихаттаушы да болған. Елге шыққанда спектакльдің мазмұнын, кім қандай рольдерде ойнады, кімнің сәтсіз, кімнің сәтті ойнағанын әңгімелейтін. Маңына адам жинайтын, тыңдаушысын тамсандыратын. Серғали туған-туысқанға мейірімді, ақжарқын жан еді. Тумысынан сабасынан аспай, айтар ойын толғанып, ақылға салып сөйлейтін ол әдептен аспайтын сыпайлылығымен де жора-жолдастарының ортасында беделді еді. Серағаң Жетісу өңірінің әндерін насихаттаушы әрі жинаушы. Оның ән қорындағы халықтың «Гүлдерай», «Сәулемай», «Угай-ай», «Қош аман бол», «Сізді-сізді ойлап», «Ой дүние-ай», «Сұржелгенше», «Жетіарал», «Үкілі Кәмшат», «Мәдина көкемай», «Құралай», «Бегімай» әндері әсерлігімен ерекше.
Қазақ өнерінің іргетасын қалап, теңіздің тамшысындай болсын өз үлесін қосқан табиғи дарын иесі, белгілі әнші Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Серғали Әбжанов жайлы айтылар ойлар әлі де жалғасын табады деген үміттемін.
Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты