***
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстандық жол: тұрақтылық, бірлік, жаңғыру» тақырыбымен өткен ХІХ сессиясында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ордасы Астанада «Ашаршылық құрбандарына ескерткіш» монументі ашылатынын жеткізді. Елбасы, сонымен бірге, өткен ғасырдың алғашқы жартыжылдығында орын алған ашаршылық зобалаңына 80 жыл және сталиндік жаппай қуғын-сүргін қасіретіне 75 жыл толатынын айта келіп: «Бұл қасіреттің орнын толтыру мүмкін емес. Жалпы есеп бойынша Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украинада ашарлық пен ауру салдарынан 7 млн. адам қаза тапты. Ашаршылық салдарынан қаза тапқан олардың 1,5 млн.-нан астамы Қазақстанға тиесілі. 600 мың қазақ ашаршылық пен аурудан қашып, туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Тек қана 37-38 жылдары, 2 жылда НКВД органдарының ресми мәліметтері бойынша, Кеңес одағының аумағында 1,5 млн.-нан астам адам тұтқындалды, олардың 680 мыңының ату жазасына кесілгендігі туралы шешімдері болды. Біз бұны есте сақтауымыз керек», - деді. Ел тарихындағы естен кетпес бұл екі қасірет, шын мәнінде, халық жадынан ешқашан өшпеуге тиіс. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарық көрген «Бұл қазақ, тәңірге зар еткен қазақ! Қиналып, қанды азап шеккен қазақ» атты мақалада жазылған.
Аталмыш басылым Съезд қарсаңында Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының Басшысы Қайрат Мәмимен газет тілшісінің жедел сұхбатын жариялады.
Біз қай діннен, қай ұлттан, қай қауымнан болсақ та өзара құрмет пен төзімділікті басты ұстын етіп өмір сүруге тиіспіз. Астанада 30-31 мамырда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезі өтетіні белгілі. Бұл жолғы басқосудың тарихи ерекшелігі - Съезде Дін көшбасшылары кеңесінің алғашқы отырысы болады. Қазақстанда төртінші рет өткелі отырған әлемдегі елдер мен халықтардың қауіпсіздігі және өзара іс-қимылы саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын бұл форум жалпыға бірдей үнқатысу алаңы болып табылады. Бұл сұхбат «Дін - рухани өмір өзегі» атты тақырыпта берілген.
***
«Алаш айнасы» газетінің бұл нөмірі толығымен Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналады.
«Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев сынды марғасқаларымыз репрессия кезінде ату жазасына кесілмеген. Одан кейін де өмір сүрген» деген қауесеттер ел арасында тарап жүргені жасырын емес. Шынымен де солай ма? Арыстарымыз репрессия қаһарынан қалай аман қалды? Осы жайында басылым тілшісі Сандуғаш Әлімжанованың «Арыстардың ажалына қатысты қауесеттер қимастықтан туды ма?» деген мақаласынан оқи аласыздар.
Ашаршылық, репрессия кезінде талай қазақтың көрші елдерге босып кеткені шындық. Бірақ қаңғып барған қазақты жергілікті халық бастан сипап қарсы алды ма? Жалпы, сол кездері шетел асқан қандастарымыздың халі қалай болды? Елге оралғандары қанша? Міне осы мәселе төңірегінде «Алаш айнасы» басылымының тілшісінің зерттеуіндегі «Сағыныштан сарғайды алыстағы ағайын...» атты мақаласы бүгінгі санда жарық көрді.
***
«Казахстанская правда» газетінде кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезіне қатысу үшін Астанаға келген Канаданың экс-Премьер-министрі Жан Кретьенді қабылдағаны берілген.
Кездесу барысында алда өтетін форумның күн тәртібі талқыланды, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылым мен мәдениет салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қозғалды. Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі әртүрлі діни конфессия өкілдері үшін беделді алаңға айналғанын атап өтті.
«Сіздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысқаныңыз біз үшін маңызды. Біздің Канадамен сауда-экономикалық байланысымыз жыл өткен сайын нығайып келеді. Қазақстандағы канадалық компаниялар инвестициясының көлемі 5 миллиард долларды құрайды. Біздің елімізде бірлескен кәсіпорындар, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында көптеп ашылуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.