«Сағып» қымызы Миланда өтіп жатқан «EXPO-2015» көрмесіне қойылмақшы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Сағыптың» сары қымызы Миланда өтіп жатқан «EXPO-2015» көрмесіне қойылмақшы. Бұл туралы «Қазагромаркетинг» АҚ пен облыстық әкімдік тарапынан бүкіләлемдік көрмеге қатысуға ша­қырған хабар ке­ліп­ті, деп жазады «Егемен Қазақстан басылымы».

«Мәскеуге де 4 тонна қымыз жібердік. Олай болса, халықаралық көрмеге келетін шетелдік қонақтардың да көңілінен шығады деп үміттіміз», - дейді «Сағып» шаруа қожалығының басшысы Төлеу Құшманова.

Ал Мәскеуде өткен «Қазақ­стан­дық тауарлар мен өнімдер» көрмесінің қорытындысы бойынша Ресей нарығына павлодарлық «Сағыптың» қымызын сату үшін меморандумға қол қойылды. Яғни, қымыз сауып, өндірудің заманауи өркениетті өндірісі өзгелердің көзіне түсе бастады. Озық технологиялар бие сүтінен қымыз дайындау үшін ыдысқа құйып, халықаралық стандарттарға сәйкес орау үшін енді қол еңбегін қажетсінбейді. Барлық жұмысты автоматтандырылған жүйе атқарады. Шаруа қожалығының басшысы Төлеу Көкешқызының айтуынша, шетелдік қондырғылар тәулігіне 1 тонна қымызға дейін, ал аптасына 5 тонна қымыз өндіруге мүмкіндік береді.

«Алғаш қожалықты құрып жат­­­­қан кезімізде қымыздың ше­­тел­­­де атын шығарсам деген ой бол­ды. Содан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында несие алып, өндірісті дамыта бастадым. Әрине, мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауынсыз ешбір шаруашылықтың алға баспасы анық. Біз осы қолдауды, демеуді кө­ріп келеміз. Елбасы отандық тауар өндірушілерге үне­мі қолдау көрсетеді. Облыстық кәсіп­керлер палатасына да алғысым­ды білдіремін», - дейді Төлеу апай. Былтыр Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев облысқа келген іс­са­па­ры кезінде «Сағып» шаруа қожа­лығында болды. Сол кезде Төлеудің қымыз цехтарын аралап көрген. Әйел кәсіпкердің жігерлі жұмысына сәттілік тілеген.

«Сонда Елбасымен кездесу­де сөз сөйлеп, халықаралық стандарттар деңгейіне сай келетін жоғары сапалы өнім дайындағымыз келеді» деген едім. Мақсат жүзеге асты. Қымыз өндірісін іске қосу жеке кәсіпкерліктегі негізгі стратегиялық мақсатыма айналды. Енді, міне, жақсы жаңалық жетті. Елбасы Үндеу жариялады. Еліміз­дің ДСҰ-ға қосылуына да қол жетті. Біздің елдің халықаралық қоғамдастыққа ұсынатын өнімдері де, одан алатын тауарлары да аз емес қой. Кім өз тауарын арзан, сапалы етіп өндіре алса, халықаралық саудада жолы болады. Сауда заңдылықтарына бейім­делу - еліміздің өркендеуіне, кәсіпкерлердің арасында бәсекенің арта түсуіне, тұтынушылардың арзан да сапалы тауар алуларына жол ашады» - дейді кәсіпкер әйел.

Қазір «Сағыпта» 400 бие бар, олар­дың 180-і - сауын. Тіпті, Лат­вия­дан да бие сатып алуды ойластыруда. Қазақы биеге қа­рағанда ол жақтың биелерінен екі есе өнім алуға болатын көрінеді. Ал жалпы, «Сағып» шаруа қо­­жа­лығы 2007 жылы ашылды. Қазір қымыз өндіру цехтарында 30-ға жуық білікті маман еңбек етуде. По­ли­этилен бөтелкеге қа­ра­ғанда, қымыздың шыны шөл­­мекте жақсы сақталатынын мамандар да, тұтынушылар да жақ­сы біледі. Үдемелі индус­трия­­лық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде жаңа қондырғылар сатып алу үшін 52 миллион теңге бөлініпті. Алғашқы жылдары кәсібін 3 сауын биемен ғана бастаған «Сағып» бүгінде еліміздегі іргелі кәсіпорындардың біріне айналды. Республикалық «Алтын сапа» байқауында жүлдегер атанды. Шаруашылық құрылған күннен бастап-ақ қымызды ТМД елдері мен Еуропаға экспорттау мақ­сатында жұмыс бастады. Тіпті, «Эйр Астана» әуе компаниясы мен Ресейдің Белокуриха курортына қымыз тасымалдау жөнінде де келіссөздер жүргізуде.

«Ендігі бір мақсатым, облыс орта­­лығынан үлкен бір қымызхана ашу», - дейді Төлеу апай. Сонымен қатар, бұл шаруашылықта, қазы-қарта, шұжық, құрт, қоспа, сүзбе, қаймақ өндіріледі. Ферма аумағында қасапханасы да бар. Цех мамандары ет пен сүт өнімдерінен қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейді. Ұлттық бренд ретінде ТМД және Еуропа елдері нарығына шығаруды жоспарлап отыр. Өндірісте ата-бабадан мирас болған ежелгі әдіс-тәсілдер де қолданылады. Кәсіпорын мем­­лекеттік бағдарламалардың арқасында алға басып келеді. Жаз мезгілінде қымыз цехында сауылатын 140 биеден тәулігіне 1400-1500 литрге дейін өнім алынады. Қожалық иесінің ендігі мақсаты - 50 бас жылқы тұратын кешенге жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, электрлі суару жүйесін іске қосу. Шаруашылықтың ендігі бір тосын жаңалығы - жылқының қиынан пакеттелген биогумус шығармақ.

«Жылқының қиын да пайдаға жаратпақшымыз. Облыстағы аг­рарлық-техникалық колледж бен Сұлтанмахмұт Торайғыров атын­дағы мемлекеттік университет ғалым­дарының қолдауымен облыста жылқы тезегін қолдану арқылы таптырмайтын табиғи тыңайтқыш шығаруды қолға алмақпыз. Фермада барлығы 400-ден астам жылқы бар. Әсіресе, биогумусқа Қытай елінде сұраныс жоғары», - дейді кәсіпкер апай.