Зерттеу нәтижесінде ж.с.д. VI-V ғасырларға жататын сақ билеушісінің құрметіне салынған ірі көлемді ескерткіштің бірнеше құрылымдық элементтері - жер бетіндегі құрылымы, айнала қоршап жатқан тас қоршау қаландылар, орлар ашылды. Сақтардың архитектурасы, жерлеу ғұрпы және дүниетанымы жайлы жаңа мәліметтер алынды. Жетісулық сақтардың әлеуметтік дәрежесі жоғары, беделді билеушісі қойылған бұл кешеннің айналасынан төрт ғасырдан соң ғұн-сармат кезеңінде, бір мезетте жерленген 45 қоршау-обалар да ашылды. Қоршаулардан бас киімнің ілмекті алтын қапсырма әшекейлері, моншақтар, қыш ұршықтар т.б. табылды, деп хабарлады ҚР Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтынан.