***
«Қатер қайдан демеңіз! Ол төбеңізден төніп тұр! Мұны әзіл-қалжыңға баламай, жанып тұрған шамыңызға қараңыз да, ойлаңыз. Ирелеңдеп электр қуатын үнемдейтін жаңа шам денсаулығымыз бен ана-табиғатымызға аса қауіпті. Оның анығы мен танығын мамандар айтып отыр», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Сақ болыңыз: улы шам! Немесе үнемнің де үнемі бар» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, егер жазатайым шам жарылса 5 мың текше метр жердің ауасын улап-ластайды екен. Жерге сіңсе топырақты улап, өсімдіктерге зиянын тигізеді. Суға қосылса, оны пайдаланған тіршілік иелерінің бәріне қатер төнеді. Адам ағзасына енген сынап миға қатты әсер етіп, шалдықпалы ауруға апарады, қол-аяқты жансыздандырып сал сырқатына ұрындырады. Жүкті әйелдердің құрсағындағы баланың табиғи дамуы мен өсуіне кері әсері тиеді. Нәтижесінде, мүгедек бала дүниеге келеді екен.
Іргесін бекітіп, ірілігін танытқан мемлекеттің бастау басынан бастап, қилы кезеңдерді түбінен қопара түгендеп, ақ-қарасын анықтап, барын асырып жібермей, кемін бүгіп қалмай айтып, ақиқатты аттамай, жоқтан бар жасамай таразы басында теңестіріп, бүгінгі тыныс-тіршілікпен ұштастырып ата тарихтан асыл қазына қалыптастыру, соны кейінгі ұрпаққа үлгі етіп, осы дәстүрді жалғастыра бер деу, алдыңғы толқынның парызы да қарызы. Міне, осындай елдік іс өткен сәрсенбінің сәтінде елордада басталды. Онда Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин алқалы топтың алдында мазмұнды баяндама жасап, халықтық дүниетанымды қалыптастыруды қозғады. Қазақ елінің қадір-қасиетін, төрткүл дүниеге түгел даңқы жеткен биік абыройын сөз етті. Ел тарихын ой қазанында қорытып жүрген ғалымдар да өз тұжырымдарын жұрт талқысына салды. Сол ұлт руханияты жан-жақты әңгіме арқауына айналған басқосудағы өрісті ой туралы тарихшылар мен жазушылар өз байлам-пайымдарын «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына жолдаған екен. Бүгін солардың екеуін газет «Төл тарихқа - соны сілкініс» деген тақырыппен оқырман назарына ұсынып отыр.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстанның сыртта сақтаулы қазынасының көлемі жақын уақытта 100 миллиард долларлық межеге жетуі мүмкін! Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында осындай мәлімет жария етілді. Ұлттық валютаның тұрақтылығы еліміздің халықаралық резервтерін арттыруға мүмкіндік беріпті. «Қазақстанның халықаралық резервтерінің ауқымы, яғни Ұлттық қор қаржылары мен Ұлттық банк активтерін қоса алғанда, былтырғы жылы 18 пайызға дерлік артты. Сөйтіп, жыл соңында 86 миллиард долларды құрады. 2013 жылдың мамырының қорытындысы бойынша, Қазақстанның халықаралық резервтерінің жиынтық көлемі 91 миллиард доллардан асты!» деді Ұлттық банк төрағасы. Мақала «Теңге тұрақтанып, несие ұлғайып барады» деген тақырыппен берілген.
***
«100-ден астам қазақстандық бүгінде түрлі шетелдік лаңкестік ұйымдардың қатарында жүр. Олардың аты-жөндерін де ҰҚК біледі», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Кто в минном поле воин» деген тақырыптағы мақаласында. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың атап өтуінше, мұндай ақпаратты ресейлік арнайы қызмет ұсынған. «Таяуда ғана біздер Пәкістан-Ауғанстан өңірінен 4 азаматтың отанына оралуын қамтамасыз еттік», - депті ол.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қорғаныс министрлері кеңесінің Минскіде өткен жиынына қатысты. Отырыста тараптар өзара іс-қимыл, сондай-ақ келесі жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы күштерінің бірлескен оқу-жаттығулары мен іс-шараларын өткізу мәселелерін талқылады. «Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысында 2017 жылды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы Отан қорғаушылар жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды», - деп жазады басылым.