«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жазушы Сарбас Ақтаевтың «Астана саммиті - арналы істің басы» атты мақаласы жарияланды. «Астана саммиті сияқты беделді жиынның ұйымдастырылуы ұйымның өзі үшін өте-мөте қажет болып жүр еді. Өйткені оған көптен бері бір күшті серпіліс пен сілкініс керек болатын. Астана саммиті соған мол мүмкіндік бергелі отыр. Оның ұйымды дүр сілкіндіріп, жаңа өрістерге шығаратынында күмән жоқ. Астана саммиті Мемлекет басшылары мен үкімет жетекшілерінің жаһандық жаңа қатерлерге қарсы тұруға бағытталған еуроатлантикалық һәм еуразиялық қауіпсіздіктің біртұтас қоғамдастығын қалыптастыру тұжырымдамасын жақтайтынын тағы да нықтай түседі. Әтпесе ол қатерлердің беті мемлекеттердің жеке-дара күш-жігерімен ғана қайтпайды, оған ұжымдық іс-қимыл қажет», дейді С. Ақтаев мақаласында.
Сондай-ақ басылымның бүгінгі нөмірінде «Жаңа бағдарламаның жаңалығы қандай?» деген тақырыпппен мақала берілді. Мақалада еліміздің су ресурстарын нығайту мен оның қорларын сақтау мәселесіне Қазақстан басшылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан қатты көңіл бөліп келе жатқаны айтылған. «Елбасы көрші мемлекет басшыларымен болған кездесулерінде трансшекаралық өзен суларын пайдалану ісін әрдайым мемлекетаралық қарым-қатынастардың негізгі мәселесі ретінде көтеріп келеді. Орталық Азия мемлекеттерінмен бірлесіп Су консорциумын құру, Сібір өзендері суларының бір бөлігін Қазақстан мен Орталық Азияға қарай бұру, Аралды қалпына келтіру ісін халықаралық деңгейде жүзеге асыру, Ертіс пен Іленің, Сырдарияның суларының азаюына жол бермеу сияқты мәселелер Елбасы тарапынан үлкен халықаралық мінберлерде батыл да табанды түрде көтеріліп келе жатқан маңызды мәселелердің бір парасы», делінген мақалада. Осы шаралардың қалай жүзеге асырылып жатқанны білгіңіз келсе, жоғарыдағы мақалаға көз жүгіртіңіз.
***
«Айқын» басылымы бүгінгі санында ҚР Президенті жанындағы Басқару акдемиясында өткен Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағындағы мемлекеттік басқару реформасын қайта қарастыруға арналған дөңгелек үстелде қаузалған мәселелер жазылған. Басылым тілшісінің жазуынша, отырыстың күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде сөз қозғаған сарапшылар «Қазақстанда қабылданған заңдар жұмыс істеуі тиіс», деген пікірлерін білдірген. БҰҰ Даму бағдарламасының Братиславадағы аймақтық орталығының өкілі Энни Дэмиржонның сөзінше, заңдардың жұмыс істемеуі, орындалмауы мемлекеттік басқарудың тығырыққа тірелуіне әкеліп соғады. Ал ол үшін мемлекеттік басқарудағы қызметкерлер жергілікті атқару органдарымен, азаматтық қоғаммен арадағы байланыстың мәдениетін көтеруі тиіс. Мақаланың толық нұсқасымен газеттің бүгінгі нөміріндегі «Жауап біреу: қабылданған заңдар орындалуы тиіс» атты мақаладан таныса аласыздар.
Сондай-ақ «Айқынның» бүгінгі санында «Сақ тайпасының көсемін көрден шығарды» деген тақырыппен көлемді материал басылды. Мақалада жазылғанындай, тарихшылар шамамен екі мың жыл бұрын жерленген сақ тайпасының көсемі жатқан зиратты қиратқан жол салушы «Қазавтожол» компаниясын жауапқа тартуды талап етіп отыр. «Павлодар облысының аумағында темір ғасырының басында тұрғызылып, екі мың жылдан астам уақыт сақталған сақ қорғаны бүгінгі заманның жол салушыларына бөгет болыпты. Жергілікті ғалымдардың айтуынша, қорымның бір бөлігі бұдан бұрын күре жолды кеңейткенде тапталып, үстінен көлік жүретін жол болып кеткен екен. Ал енді жол жөндеп жүрген бульдозер күрегімен тарихи қорғанның бір жағын іліп әкетіп, жерленген адамның сүйегін жердің бетіне шашқандығын айтады. Осыдан кейін ғана олар жұмыстарын уақытша тоқтатқан. Қазір жолдың құрылысын жалғастыру мәселесі қарастырылуда. Сондықтан археолог ғалымдар жол жөндеушілердің ісін вандализм ретінде қарап, жауапқа тарту үшін прокуратураға арыз жазып, қорған үстінен жол салуды тоқтатуды талап етіп отыр», - делінген жоғарыдағы мақалада.
***
«Федоров ауданындағы жалғыз қазақ мектебінде ғимарат жоқ». Дәл осындай тақырыппен «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында проблемалық мақала жарияланды. Басылым тілшісінің хабарлауынша, Қостанай облысындағы Федоров ауданында қазақ ұлты небәрі 16 пайыз. «Аудан көлемі бойынша 37 мектеп бар болса, соның біреуі ғана қазақ тілінде. Онда да жалғыз мектепке ғимарат бұйырмаған. Орыстілді мектептің «құшағында» отыр. Арасында бірді-екілі білім ұясы аралас. Ал аралас мектептің жайы белгілі. Сабақ барысында болмаса, өзге уақытта орыс тілінде шүлдірлей кетеді. Себебі - орта сондай», - делінген мақалада.
Сондай-пақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінде «Орыс тілі оралмандарға оралғаннан да қиын болып тұр» атты материал басылды. «Туған тілді білу - әркімнің парызы, ал ресми тілді білмеу қай заңға қарсы келеді? Қазір сырттан келген әр қандасымыздың ойында осы сұрақ жүр. Себебі олар елдегі қай кеңсе, қай мекемеге барса да алдарынан орыс тілі көлденең шығып тұрады. Осыдан кейін бауырларымыздың салы суға кетіп, өзі қаламаған ресми тілді үйренуге немесе келген елдеріне қайта көшіп кетуге мәжбүр болуда», - дейді автор мақаласында.
***
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, Қазақстан экономикасы 9 айдың қорытынды бойынша жақсы нәтиже көрсетіп отыр. «Елімізде дағдарыстан кейінгі даму туралы айтатын уақыт жеткен сияқты. Елде экономикалық индикаторлардың көрсеткіштері артқан соң көптеген маңызды салалардың жетістіктері біліне бастады. Мысалы Стаститика агентігінің 2010 жылдың тамыз айындағы мәліметтері бойынша, Ішкі жалпы өнім көлемі 604,7 миллиард теңгені құрады. Яғни өсім 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 102,6 пайызға жетіп отыр. Ал диқандар елде қаншама құрғақшылық болды дегенмен астықты жақсы жинады. Өйткені астықтың қазіргі көлемі өзімізге де, бізбен арнайы келісімге отырған елдерге де жетеді», - дейді басылым тілшісі мақаласында. Бұл туралы «Экономика развивается, аграрный комплекс не отстает» атты материалдан біле аласыздар.