Сәкен Бибосынов әлем чемпионатында алтын медальға таласады

Фото: Қазақстан ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM - Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан әлем чемпионатында ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (54 келі) финалға шықты.

Отандасымыз жартылай финалда непалдық Тпапа Чандра Бахадурмен қолғап түйістірді.

Алғашқы екі раундта қазақстандық боксшының басымдығы айқын аңғарылды. Бұл қарқынын шешуші раундта да жалғастыра алды. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. Ол енді алтын жүлдені ресейлік Вячеслав Рогозинмен сарапқа салады.

Айта кетсек, бұдан бұрын отандасымыз Факи Исса Факи (Танзания), Катего Кеорапетсе (Ботсвана), Муенго Муале (Замбия) сынды қарсыластарын қапы қалдырды.

Сәкен Бибосынов — ұлттық құрама сапындағы тәжірибелі боксшының бірі. 1992 жылы дүниеге келген былғары қолғап шебері 2020 жылы Токио Олимпиадасында қола алса, әлем чемпионатында 2021 жылы — алтын, 2019 жылы — қола медальға қол жеткізді.

Сондай-ақ Азия чемпионатында күміс (2022) және қола (2021) жүлдегер атанды. 

Енді қазақстандық боксшылар арасынан Оразбек Асылқұлов (57 келі), Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) шаршы алаңға шығады.

Айта кетсек, бүгін Сабыржан Аққалықов (75 келі) жартылай финалдағы қарсыласы өзбекстандық Фазлиддин Еркинбоевтың жарысты жалғастырудан бас тартуына байланысты бірден финалға шықты.

Ал Теміртас Жүсіпов (48 келі) жартылай финалда ресейлік Эдмонд Худоянға есе жіберіп, қола жүлдені қанағат тұтты.