Сәкен Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды

Фото: saikoulush

АСТАНА.KAZINFORM – Бокстан әлем чемпионы және Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновтың кәсіпқой бокстағы екінші қарсыласы белгілі болды.

Қазақстандық боксшы жапонялық Saikou X Lush промоутерлік компаниясы Бішкек қаласында ұйымдастырған бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Қарсыласы жергілікті боксшы Әділет Қачқынбеков (3-6, 1КО).

Айта кетерлігі, Бокс кеші Азиядағы Бүкіләлемдік бокс ассоциациясы (WBA Asia) және Халқаралық бокс федерациясының (IBF) қолдауы аясында 25-26 қазан күндері Бішкек Аренада өтеді. 

Сонымен қатар, осы бокс кешінде Сәкен Бибосыновтың ескі қарсыласы өзбекстандық Хасанбой Дусматов мексикалық Рене Каликсто Бибианомен (23-1-1, 9КО) қолғап түйістіреді.

Еске салсақ, Сәкен Бибосынов 20 шілде күні кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізіп, филиппиндік 23-жастағы Кристиан Леганды (6-2-3, 4 KO) нокаутқа жіберген болатын.