Сақшылар 10 күнде 3,5 тонна насыбай өнімін тәркілеген
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындыларын мәлім етті.
«10 күндік іс-шара аясында темекі өнімдерін заңсыз тарату фактілерін анықтау бағытында рейдтер жүргізілді. Жекелеген қоғамдық орындарда темекі өнімдерін тұтынудың 1,5 мың фактісі тоқтатылды. Кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатудың 174 фактісі анықталды. 21 жасқа толмаған адамдарға темекі өнімдерін сатқан 186 кәсіпкер жауапқа тартылды», - деді ол ведомствоның онлайн брифингісінде.
Оның сөзіне қарағанда, 10 күн ішінде насыбай, снюс сияқты «шегілмейтін темекі» өнімдерін сату мен таратудың 1,5 мыңнан астам фактісі тіркелген.
«Шегілмейтін темекі өнімдерін өндірген жасырын 2 цех анықталды. Шамамен 3,5 тонна насыбай тәркіленді. Мысалы, Ақтөбе қаласында үйлердің бірінде насыбай өндірілген. Ол жерден жалпы салмағы 500 кг болатын 5 қап шегілмейтін темекі өнімі тәркіленді», - деді Шығыс Алекешев.