Сақтандырылмағанына қарамайды: Қазақстанда тегін медициналық көмектің бірыңғай пакеті енгізіледі

Фото: total.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мақсатында бірыңғай базалық пакет енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қабылданған жаңа заң МӘМС жүйесін жаңғыртып, азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған кепілдіктерді күшейтеді. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің бірыңғай пакеті кезең-кезеңімен енгізіледі.

Онкоскрининг барлығына қолжетімді болады

Жаңа модельге сәйкес, сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте анықтауға арналған қызметтер қолжетімді болады. Атап айтқанда, онкологиялық ауруларға арналған скринингтер ТМККК пакетіне енгізіледі.

Бұған дейін онкоскрининг тек МӘМС жүйесінде көрсетілсе, енді ол базалық пакет арқылы бүкіл халық үшін ашық болады. Сонымен қатар туберкулез және АИТВ инфекциясы бойынша диагностика бұрынғыша тегін жүргізіледі.

Қандай қызметтер сақталады?

Сақтандырылмаған азаматтар үшін де бірқатар маңызды қызметтер қолжетімді болып қала береді. Атап айтқанда:

  • алғашқы медициналық-санитарлық көмек;

  • вакцинация және онкоскрининг;

  • әлеуметтік мәні бар ауруларға күдік туындаған жағдайда диагностика;

  • жедел және шұғыл медициналық көмек;

  • инфекциялық аурулар кезіндегі ем;

  • паллиативтік көмек пен ұзақ мерзімді күтім;

  • қан препараттарымен қамтамасыз ету;

  • әлеуметтік маңызды ауруларға арналған тегін дәрілік қамтамасыз ету.

Министрліктің хабарлауынша, бұл өзгерістер бюджет мүмкіндіктері мен халықтың қажеттіліктері арасында теңгерімді қамтамасыз етіп, жүйенің қаржылық тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Халықаралық тәжірибе қандай?

Салыстырмалы түрде алғанда, Ресейде тегін көмек санитариялық авиация, АИТВ/ЖИТС, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, туберкулез және психикалық аурулармен шектеледі.

Эстония мен Литвада тек шұғыл көмек көрсетілсе, Германия мен Нидерландыда мейіргерлік күтім ғана ұсынылады.

Айта кетейік, Д және Е санатындағы адамдар МӘМС шеңберінде медициналық көмек ала алады.