Бұл тұтынушыларға сақтандыру шарттарын барынша жақсы түсінуге және сақтандыру өнімдерін таңдау кезінде саналы шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Тиісті өзгерістер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының 2026 жылғы 30 қазандағы № 156 қаулысында көзделген.
Агенттік төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов жаңа ережеге түсініктеме бере отырып, ерікті сақтандыруды сатып алу кезінде клиент сақтандыру агентінің өз қызметтері үшін қанша соманы алатынын әрдайым біле бермейтінін атап өтті. Бұл ретте сақтандыру өнімін сатқаны үшін сақтандыру компаниясы агентке сыйақы төлейді.
— Жаңа қағидалар бойынша сақтандыру компаниялары мен сақтандыру агенттері клиенттерге осындай сыйақының мөлшері туралы алдын ала хабарлауға міндетті болады. Бұл ақпарат клиентке консультация беру және сақтандыру құжатын ресімдеу кезінде ұсынылуы тиіс. Сонымен қатар, агенттің сыйақы мөлшері тікелей сақтандыру шартында және сақтандыру полисінде (егер оны ресімдеу көзделген болса) көрсетілуі керек. Бұл ретте сома теңгемен де, сақтандыру құнының пайызымен де көрсетілуге тиіс. Бұған дейін сақтандыру полисінде агентке нақты соманы ашпай-ақ сыйақы көзделгені ғана көрсетілген, — деп атап өтті Н.Тұрсынханов.
Жаңа талаптар ерікті сақтандыру түрлеріне қолданылады, себебі міндетті сақтандыру өнімдерін сату кезінде сақтандыру агенттерінің қатысуына жол берілмейді.
— Бұл жаңа ереже тұтынушыларға сақтандыру шарттарын барынша жақсы бағалауға, сақтандыру компанияларының ұсыныстарын салыстыруға және ең қолайлы өнімді таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сыйақы мөлшерін ашып көрсету агент клиентке клиенттің қажеттіліктеріне емес, өзінің қаржылық мүдделеріне негізделген белгілі бір сақтандыруды ұсынатын жағдайлардың тәуекелін азайтуға көмектеседі. Осылайша, жаңа қағидалар сақтандыру нарығын барынша ашық етеді, тұтынушылардың мүдделерін қорғауды арттырады және азаматтардың сақтандыру компанияларына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді, — деп толықтырды агенттік төрағасының орынбасары.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң күшіне енеді.
Бұған дейін 2027 жылдан бастап азаматтар сақтандырусыз қандай медициналық қызметтерді ала алатынын жазғанбыз.