Сақтандыру саласындағы алаяқтық өзекті мәселенің бірі болып отыр

АЛМАТЫ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазіргі таңда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің міндетті сақтандыру саласында заңсыз түрде дайындалған қатаң есептегі бланктердің көптеген мөлшері сақтандыру нарығында айналымда жүр.

Ресми статистикалық мәліметтер бойынша 2,7 миллион жеңіл көлік құралдарының 1,5 миллионында ғана көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің міндетті сақтандыру полистері бар. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ-ның Басқарма төрағасы Жарқын Әлжанов мәлім етті.

Оның айтуынша, заңсыз түрде дайындалған немесе жаздырып алынған полистер мұндай мөлшерде тек «сұр нарықтың» арқасында ғана емес, көбіне осындай полистерге деген сұраныстың жоғары болуына байланысты таралып отыр. «Ол полистердің шығуы клиенттен бастап сақтандыру компаниясына дейін, сонымен қатар сақтандыру нарығының барлық қатысушыларына ауыр тиюі мүмкін. Заңсыз берілген сақтандыру полистері нарығының салдарынан клиент сақтандыру төлемін және тиесілі қызметке қол жеткізе алмайды, нәтижесінде сақтандыру компанияларымен қатар, қаржы институттарына деген сенімін жоғалтады. Сондықтан бұнымен қазір күресуіміз қажет", - деп атап өтті ол.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселені кешенді түрде, клиенттерге барынша қарапайым және түсінікті жолмен шешу керек. "Қазір осы бағытта Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі мен Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығының жұмыс тобы шеңберінде бұл мәселені шешуге арналған түбегейлі өзгерістер мен қосымша құралдар дайындалу үстінде", - деді Ж. Әлжанов.

Қазақстанның Қаржыгерлер қауымдастығының Қаржы және сақтандыру секторы департаментінің директоры Әнел Өтембаеваның айтуынша, сақтандыру саласындағы алаяқтық тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де өзекті мәселенің бірі болып табылады. "Отандық сақтандыру компанияларының бұл мәселені белсенді түрде көтеруі бізді қуантады. Бүгінде көлік құралдарын сақтандыру бойынша бірыңғай база жасалды. Онда барлық полистер тіркелген. Сондықтан әр сақтандырушыға сенімді болуы үшін базаға енгендігін тексергені абзал", - деп ескертті ол.