***
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Жоғары деңгейде өткен келіссөздер барысында тараптар екі елдің ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бірқатар мәселелерді талқылады. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде «Қазақстан-Ресей: Әріптетіктің көкжиегін кеңейткен кездесу» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, кездесудегі келіссөздерде мемлекет басшылары отын-энергетика, зымыран-ғарыш, тағы басқа да салалардағы ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты кең ауқымдағы мәселелерге баса назар аударды. Президенттер Байқоңыр ғарыш айлағын бірлесе пайдалану және ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың көп жылғы тәжірибесіне қанағаттанушылық білдірді. Сондай-ақ, ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізуді әрі қарай жалғастыруға мүдделілік танытты.
Астана қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Халықтық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру барысын талқы таразысына салды. Іс-шараға Ассамблея Төрағасының орынбасары - Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев, «ҚазТрансОйл» АҚ директоры Қайыргелді Қабылдин, Экономикалық даму және сауда министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару департаментінің директоры Дүйсен Әділханов, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері, Парламент депутаттары қатысты. Бұл жайында толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі санындағы «Халықтық ІРО» дегеніміз не?» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяналған.
***
Егістік диқаншылары үшін дәл қазіргі таңдағы ең басты мәселе - ауа райы және соған байланысты егіс түсімі, техникалық жағынан даярлық. Бірақ та жерге маңдай терін төгіп, науқанды ойдағыдай аяқтап, көңілі шуақты болуы тиіс диқаншыларымыздан маза кетіп тұр. Өйткені еліміздің сақтандыру нарығы жерден өнім алушыларға қызмет көрсетуге құлықты емес болып шықты. Осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Сақтандырушалар шаруаны емес, өздерін «сақтандырып» әлек» атты мақалада айтылған.
«Біз Еуропа футбол федерациясының құрамына қосылу арқылы арманымызды 50 жылға шегердік!». Елді елең еткізерлік мұндай мәлімдемені қазақ спортының жанашыры, жілігін шағып, майын ішетін маман деуге әбден болатын азамат, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Республикалық «Спорт» газетінің бас редакторы Несіп Жүнісбайұлы білдіріп отыр. Қазақ футболы, оның Тәуелсіздіктен кейінгі қадамдарындағы жіберіп алған кемшіліктер мен ұтымды тұстары жайлы қызықты сұхбат «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санында ҚР Көлік жіне коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Бақыт Әбішевпен арадағы сұхбат «Техникалық тексеріспен айналысатын кәсіпкерлеге талапты күшейтіп отырмыз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген шенеунік: «Соңғы кезде автокөліктердің техникалық бақылаудан өткені туралы жалған талон жасайтын және оны көлік иеріне арзан бағаға сататын пысықайлар көбейіп кетті. Олардың әбден әккіленіп алғаны соншалық, жалған талон мен нақты талонды ажырату күннен-күнге қиындап келеді. Десек те, нақты талон мен жалған талонды ажыратудың 2 жолы бар. Біріншісі, талонды жыртып көру керек. Талон жыртылып қалса - жалған, жыртылмаса - заңды. Соңғысы ерекше қағаздан жасалады. Сондықтан жыртылмайды», - дейді.
***
«Экспресс-К» газетінде жарық көрген «В ваши иглы не играем» деген тақырыптағы мақалада Ақмола облысында 134 ата-ананың өз балаларына егпе салдырудан бас тартып отырғандығы жазылған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру өңірлік орталығы осы оқиғаның мән-жайны анықтау үшін сауалнама жүргізген. Нәтижесінде екпе жүргізуден бас тартқандардың басым бөлігі түрлі діни секталардың шырмауына шатылған адамдар болып шығыпты. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей баласына екпе жүргізуден христиан шіркеуінің баптистері, Иегова куәгерлері, Әбу Ханифа қозғалысының мүшелері, уақапшылар және тіпті буддистер бас тартады екен.