Сақташ Хасеновке пара бермек болған кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, комитет төрағасының орынбасары Тұрсын Қабдұлданов мəлім етті.
"Бұл кəсіпорын Батыс Қазақстан облысында орналасқан, нарықта бұрыннан бері жұмыс істеп келеді. Бұл мәселені қазір құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Қазір ол кәсіпорыннан өнім жеткізу тоқтатылды. Кәсіпорын құқық қорғау органдарының тарапынан бақылауға алынды",-деді Т.Қабдұлданов.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қараша күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бірнеше рет пара алған ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Сақташ Хасеновты ұстады. Комитет төрағасы С. Хасенов бұрын Министрлікте жұмыс істеген өзінің сенімді адамы Е. Решеткомен алдын ала сөз байласып, Қазақстан аумағына ет өнімдерін әкелуге рұқсат беру бойынша қылмыстық схема ұйымдастырғаны анықталды. С. Хасенов белгіленген баға бойынша жүйелі түрде пара алып отырған. Сонымен, Қазақстан аумағы бойынша 1 000 тонна құс етін кедергісіз өткізуге рұқсат бергені үшін «Хладоленд» ЖШС басшыларынан 5 млн теңге көлемінде кезекті пара алу барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет С. Хасенов пен Е. Решетьконы ұстады. Олар кінәларын толықтай мойындады. Қазіргі уақытта С. Хасенов абақтыға жабылды. Сот алды тергеу жүргізілуде.