«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы – әлеуметтік жоба. Іске асыруда «Samruk-Kazyna» АҚ-ның «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогрфиялық саясат ұлттық комиссиясы мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және «Әлеуметтік жобалар қоры» қорымен бірлесе көп жұмыс атқарылды. «Саламатты Қазақсан» әлеуметтік жобасының негізгі ақпараттық серіктесі - ҚР Президенті Телерадиокешені.
ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демогрфиялық саясат ұлттық комиссиясының қолдауымен биыл алғаш рет әлеуметтік қолдау, зейнетақы тағайындау, әлеуметтік төлем, атаулы әлеуметтік көмек жөнінде кеңес алуға мүмкіндік жасалды. Сонымен бірге шалғай ауыл тұрғындары медиация және заңгерлік кеңес ала алады. Ақтөбенің Шалқар ауданы Бершүгір ауылына пойыз 12-қазан күні келді. Екі күн бойы қызмет көрсетеді, яғни, 14-қазан күні сағат 20:59-ға дейін қабылдау жүргізеді.
Жоба аяқталғанша (2023 жылдың 6-желтоқсанына дейін) барлығы 18 мың шақырым жол жүреді. Мамандар медициналық, медиациялық, құқықтық кеңес, көмек ала алмай жүрген адамдардың мұң-мұқтажын тыңдап, ем-дом жасайды, ақыл-кеңесін береді. Биыл ауыл халқы терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр секілді салаларды қамтитын жоғары білікті мамандардың қабылдауында болып, қажет кезде шағын ота да жасата алады. Тіс емдеу, жұлу да тегін. Пойыз ішіндегі аппараттың бәрі заманауи талапқа сай. Онда УЗД, флюорография аппараты, зертхана бар. Сонымен бірге интернетке қосулы.
Айта кетейік, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-і бұған дейін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бағытын бекітті. Пойыз 26-сәуір күні Алматы-2 теміржол вокзалынан шықты. Жұмысын 6-желтоқсанға дейін жалғастырады. Бұл жолы да медициналық пункті жоқ, шалғай ауылдарға басымдық берілді.