«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шакат стансасына келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Павлодар облысының тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек қолжетімді болады. 13 маусымда Шакат стансасына «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл стансаға медициналық пойыз 13 маусым 02:03-те жетеді. 14 маусым 21:40-та кетеді.

Пойыз кестесінде Павлодар облысындағы Красноармейка, Спутник, Тасқұдық, Майқайың, Бозшакөл, Өлеңті және Торғай стансалары бар.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы әлеуметтік жобасы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен ынтымақтастықта, «Samruk-Kazyna» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаны дамыту қоры жүзеге асырып жатыр.

Биыл Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолдауының арқасында алғаш рет азаматтар мемлекеттік әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тегін консультациялар алып жатыр. Сонымен қатар, шалғай аймақтардың тұрғындары тегін медиативті және заңгерлік көмек ала алады.

Медициналық пойыз бағыты медициналық кабинеті жоқ өңірлерді қамтиды. Яғни, биыл шалғайдағы станса тұрғындары білікті мамандардан: терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқалардан тегін тексеруден өтуге және емделуге қайта мүмкіндік алып отыр. Пойыз заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен, Интернетке сымсыз қол жеткізуге арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.

Еске салайық, дәрігерлер Жетісу облысында болды және Көксу, Қалпы, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл станса тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Жетісу облысы бойынша медициналық тур Достық стансасымен аяқталды.

Жетісу облысынан кейін медициналық пойыз Шығыс Қазақстан облысына турға жол тартты. Шығыс Қазақстан облысы Жарма, Ертіс Зауыты, Тишинский, Ермаковка, Таусамалы, Алтай, Күмістау, Шар, Белағаш және Суық бұлақ стансаларының тұрғындарына медициналық көмек көрсетілді.

Бұған дейін «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-да 26 сәуірде Алматы-2 стансасынан шығып, осы жылдың 6 желтоқсанына дейін сапарлайтын «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының кестесін бекіткен болатын.

Медициналық пойыздың қазіргі қозғалыс кестесі шалғайдағы станцияларда медициналық пункттердің жоқтығын ескере отырып және азаматтар мен мемлекеттік органдардың өтініштері негізінде жасалған еді.