«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен бірінші рет жолға шығып отырған жоқ. Биыл ол 121 стансаға барады. 80 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Осы жылы бізге жаңа мамандар, атап айтқанда заңгерлер мен медиаторлар қосылды. Өткен аптада пойыз Қостанай облысында болса, қазір Ақмола облысын аралап жүр», - деді Альфия Адиева елордада өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының мамандары 26 сәуір мен 17 шілде аралығында Алматы, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарының 47 стансасының тұрғындарына кәсіби медициналық, заңгерлік және медиативті көмек көрсетіп үлгерді.
Қазірдің өзінде шамамен 27 мың адам кәсіби медициналық көмек алды. Сонымен қатар, 1 854 тұрғынға тегін заңгерлік жне медиативті көмек көрсетілді. 318 медиативті келісімге қол қойылды.