«Йога — салауатты ұзақ өмір сүру өнері» ұранымен өткен ауқымды іс-шараны Үндістанның Қазақстандағы елшілігі мен Свами Вивекананда атындағы мәдени орталық (SVCC) ұйымдастырды.
Свами Вивекананда атындағы мәдени орталықтың директоры Налини Сингхалдың айтуынша, мұндай шаралар мәдениетаралық диалогты нығайтудың тиімді құралы болып саналады.
— Біз стадионға кемінде шамамен 1500 адам келер деп күткен едік. Қараңызшы, жұрт қаншалықты белсенді қатысып жатыр. Бұл — әсіресе пандемиядан кейін адамдардың басын қосатын «адамнан адамға» қағидатының көрінісі. Қазір жұрт денсаулықты сақтауға көбірек көңіл бөліп, тек медицинаға ғана сеніп отырмайды. Йога адамға сауығуға, денсаулығын жақсартуға көмектеседі және біздің ұранымызда айтылғандай, белсенді ұзақ өмір сүруге әсер етеді, — деді ол.
Астанамен қатар Йога күні Қазақстанның 20-дан астам қаласында жергілікті әкімдіктердің, білім беру ұйымдарының, сауықтыру орталықтарының және йога қауымдастықтарының қолдауымен өтіп жатыр. Таңғы бағдарлама сағат 05:30–да басталып, санскрит тілінен аударғанда «Күнге сәлем» деген мағынаны білдіретін 108 рет «Сурья Намаскар» жаттығуын орындауды қамтыды. Бұл кешен денені созу мен қол қимылдарына негізделген 12 негізгі қалыптан тұрады.
Қосшы қаласының тұрғыны Анар Жабаспаева йогамен 10 жылдық үзілістен кейін қайта шұғылдана бастағанын және стадионға ұстазымен бірге келгенін айтты.
— Йога — ақыл мен денеге арналған жаттығу. Ол адамды тыныштандырып, босаңсытады. Бұл — сананы тазартып, ойды реттейтін саналы тәжірибе. Йогамен айналысуды енді бастағысы келетіндер қорықпағаны жөн. Адам жасының еш маңызы жоқ, ал икемділік тәжірибе арқылы міндетті түрде қалыптасады, — деді Анар Жабаспаева.
Мерекелік шаралар қызған шақта Лакшминараяна-2026 (LGMF) жаһандық музыкалық фестивалі өтеді. Бұл — әлемге әйгілі скрипкашы, доктор Лакшминараяна Субраманиам негізін қалаған халықаралық музыка фестивальдерінің бірі. Фестиваль аясында үнді классикалық музыкасы, оркестрлік шығармалар және фьюжн бағытындағы әлемдік музыка орындалады.
Жоба қазақстандық әртістердің қатысуымен, белгілі дирижер, маэстро Абзал Мұхитдин жетекшілігімен өтеді.
Бұдан бұрын Астанада ведомствоаралық оқу-жаттығуға байланысты қозғалыс шектелетінін жазғанбыз.