Salem, Джеки Чан! Актердің Алматыға не үшін келгені белгілі болды

Фото: Salem Entertainment

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Salem Entertainment қабырғасында әлемдік кинематография аңызы – актер, сценарист, режиссер және продюсер Джеки Чанмен жұмыс кездесуі өтті.

Компания мәліметінше, тараптар ірі бірлескен жобаны жүзеге асыруға кіріскен. Алматыда болған уақытында актер командамен бірге алдағы картинаның түсірілім алаңдарын таңдады.

Фильмнің негізгі бөлігі Қазақстанда түсірілмек.

Джеки Чан өзінің ресми парақшасында: «Алматыда түсірілім алаңдарын таңдадым. Көрсеткен қонақжайлылығы үшін Salem Entertainment-ке алғыс айтамын», - деп жазған.

– Толығырақ мәліметті әзірге құпия сақтаймыз. Бірақ сеніңіздер, алда сіздерді ғаламат жаңалықтар күтіп тұр. Жаңалықтарымызды бақылап отырыңыздар, ең қызықтысы әлі алда, – делінген Salem Entertainment хабарламасында.

Айта кетейік, бүгін Джеки Чан Алматыға келгені хабарланған болатын.

Ал жылдың басында Қазақстанда актердің қатысуымен бірнеше кино жоба қолға алынатыны жарияланды.