Оның айтуынша, Мемлекет басшысының амандасу мен қызметтік қарым-қатынас мәдениетіне назар аударуы қоғамдағы әдеп мәселесіне мән берудің қажеттігін көрсетеді.
— Мемлекет басшысы осыны байқап, әу бастан, сәлемнің өз орны бар екенін айтып, «мәке», «сәке» деп жөнсіз атауды қойып, тиісті жұмысты талап етіп келеді. Бұл — іскер адамның тірлігі. Бір ғажап сөз есімде қалыпты «екеуіміздің достығымыз күшті, бірақ мемлекеттің мүддесі мен үшін бәрінен жоғары тұрады». Сондықтан мемлекеттің талабы орындалуы керек. Достық — достық болып қала береді, — деді ол.
Имам қазақ қоғамындағы амандасу дәстүрінің адамның жасына, мәртебесіне және орнына қарай қалыптасқанын атап өтті.
Оның сөзінше, ұстазға, ғалымға, ата-анаға және зиялы ақсақалдарға екі қолдап сәлем беру — құрметтің белгісі. Алайда құрмет пен жағымпаздықтың ара-жігін ажырата білу қажет.
— Біз шектен шығып, иіліп сәлем беріп, тым қатты жағымпаздыққа бармауымыз керек. Сол жағымпаздықтан туындайтын нәрселерді өзіміз доғаруымыз қажет, — деді Нұрлан Байжігітұлы.
Ол сәлемдесудің сыртқы рәсім ғана емес, адамның ішкі ниетімен байланысты екенін айтты.
— Сөздің атасы — сәлем. Сәлеміміз болуы керек. Қазақта «сәлеміміз дұрыс болсын» деген сөз бар. Егер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан сәлеміміз дұрыс болса, ниетіміз де дұрыс деген сөз. Сәлем ниет бұзылғанда бұзылады. Сәлемнің өзі ниеттен басталады, — деп түйіндеді имам.
Бұған дейін діни қауым әдеп пен білімді қатар дәріптеудің маңызын айтты.
https://kaz.inform.kz/news/dni-kauim-adep-pen-blmd-katar-darpteudn-manizin-aytti-13487600