Оның сөзінше, түзетулер Парламент қарауына қыркүйек айында енгізіледі. Ал министрлік мамандары қазірдің өзінде аталған түзетулерге қатысты 86 сұрақты қарастырған.
– Заңды әзірлеу жұмысы жалғасып жатыр. Жобалық кеңсе аясында 86 сұрақты қарастырдық. Оның айтарлықтай бөлігі заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар түрінде енгізілетіні даусыз, – деді Азамат Әмрин.
Оның сөзінше, ұсынылып отырған өзгерістердің бірі – мүгедектігі бар азаматтардың мүгедектік тобы бір жыл ішінде ауысқан жағдайда салық шегерімі тәртібін өзгерту.
Өйткені, бұған дейін мүгедектігі бар азаматтардың мүгедектік тобы өзгергенде, салық шегерімінің көлемі жөнінде мәселелер туындаған.
– Біз заңнаманы бір жыл ішінде мүгедектік тобы өзгерген жағдайда азаматтарға тиімді болатындай өзгерткіміз келеді. Салық шегерімі бұрын жоғары болса, жыл соңына дейін сол деңгейде сақталады, – деп түсіндірді ол.
Сонымен қатар, министрлік ҚҚС нормаларын қайта қарастыруды жоспарлап отырған жоқ.
– ҚҚС-ны өзгерту жоспарда жоқ. Бірақ әзірге барлық түзету жөнінде айтуға ерте. Заңнама дайын болғанда, толық мәлімет береміз, – деді вице-министр.
Оның сөзінше, құжат тамыз айының соңына қарай әзір болып, қыркүйекте Құрылтай қарауына енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін салық органдары заңсыз ҚҚС схемаларына қарсы бақылауды күшейткенін жазғанбыз.