Салық төлеушілер салғырттық танытпауы керек – Дархан Молдажан
АСТАНА. KAZINFORM – Қазіргі уақытта ЕАЭО шеңберінде экспорттық-импорттық операциялар өзекті мәселеге айналып отыр. Салық төлеушілер үшін түсініксіз дүние көп. Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы қосылған құн салығы басқармасының басшысы Дархан Молдажан бұл бағыттағы жаңашылдықтарға тоқталды.
2023 жылы Астана қаласының 5 924 салық төлеушісі ҚҚС сомасы 204 154,7 млн. теңгені құрайтын импортты жүзеге асырған. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 41 869,1 млн. теңгеге артық.
– Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 71 және 72-баптарына сәйкес «жанама салықтарды алу тәртібі және тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде олардың төленуін бақылау тетігі туралы» хаттама әзірленді. Бұл ретте, ҚР Салық кодексінде толықтырулар енгізіліп, тауарлардың экспорты мен импорты, жұмыстарды орындау, Еуразиялық экономикалық одақта қызметтер көрсету кезінде ҚҚС-қа салық салу ерекшеліктері айқындалды, - деді Дархан Молдажан Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Белгілі болғандай, ЕАЭО шеңберінде тауарлар импорты кезінде салық төлеуші МҚҚ-ға тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш беруге, салық төлеушілердің орналасқан (тұратын) жері бойынша қосылған құн салығын салық кезеңінен кейінгі айдың 20 күнінен кешіктірмей төлеуге міндетті.
Тауарларды ҚР аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау кезінде қосылған құн салығының нөлдік ставкасы қолданылатынын атап өткен жөн.
Қосылған құн салығын төлеушінің тауарларды ел аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына экспорттау кезінде ҚР Салық заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызуға құқығы бар.