— Қазақстанда көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын салу үшін азаматтардың қаражатын тарту «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі. Қаражатты салмас бұрын таңдалған нысанның заң талаптарына сәйкес іске асырылып жатқанына көз жеткізіңіз, — дейді комитет мамандары.
Қаражат тартудың заңда көзделген қандай тәсілдері бар?
Азаматтардың қаражаты мына негіздердің бірі болған жағдайда тартылуы мүмкін:
— Бірыңғай оператордың кепілдігі болған кезде;
— екінші деңгейдегі банктің жобаны іске асыруға қатысуы арқылы;
— көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің қаражатын тарту арқылы.
Егер құрылыс салушыда азаматтардың қаражатын тартуға заңда көзделген негіз болмаса, салынып жатқан үйдегі пәтер үшін төлем жасамау қажет.
Сатып алмас бұрын нені тексеру керек?
1. Құрылыс салушы мен нысанды
Компания, тұрғын үй кешені және оның құрылысына қатысты құжаттар туралы ақпаратты зерделеңіз.
2. Қаражат тарту негізін
Жобаның заңда көзделген тетіктердің бірі арқылы іске асырылып жатқанына көз жеткізіңіз.
3. Шартты
Пәтердің құнына, төлем жасау тәртібіне, құрылысты аяқтау және тұрғын үйді тапсыру мерзімдеріне, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты талаптармен мұқият танысыңыз.
4. Шарттың тіркелуін
Үлескерлердің қатысуы туралы шарт белгіленген тәртіппен тіркелуге тиіс.
Шарттың нысанына назар аударыңыз
Пәтер сатып алу кезінде алдын ала шарттар, брондау шарттары, инвестициялық келісімдер және басқа да құжаттар ұсынылуы мүмкін.
— Шарттың атауы мәміленің заңдылығын өздігінен айқындамайды. Егер құжат іс жүзінде көппәтерлі тұрғын үй құрылысына азаматтардың қаражатын заңда белгіленген тетіктерді айналып өтіп тарту үшін пайдаланылса, мұндай схемаға жол берілмейді, — дейді комитеттегілер.
Ақпаратты қайдан тексеруге болады?
Мәміле жасамас бұрын тұрғын үй кешені мен құрылыс салушы туралы мәліметтерді ресми цифрлық сервистер арқылы тексеру ұсынылады.
Тұрғын үй нысандары туралы ақпарат Homeportal.kz порталында қолжетімді. Сондай-ақ мәліметтерді eGov, Halyk, Alatau, БЦК және Еуразиялық банк сияқты тиісті мемлекеттік және цифрлық сервистер арқылы тексеруге болады.
Қаражатты заңсыз тартқаны үшін қандай жауапкершілік қарастырылған
Заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген:
— жеке тұлғаларға — 200 АЕК;
— шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 500 АЕК;
— орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 750 АЕК;
— ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 1 000 АЕК;
— ірі кәсіпкерлік субъектілері талаптарды қайталап бұзған жағдайда — 2000 АЕК.
Төлем жасамас бұрын — қысқаша чек-парақ
— Құрылыс салушы мен тұрғын үй кешері тексерілді;
— қаражат тартудың заңды негізі анықталды;
— шарт мұқият зерделенді;
— үлестік қатысу туралы шарт тіркелген;
— төлем жасау тәртібі шарт талаптарына сәйкес келеді.
— Негізгі қағида: алдымен тексеріңіз — содан кейін төлем жасаңыз. Мәміле жасалғанға дейін ақпарат пен құжаттарды мұқият тексеру салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу кезінде тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді, — деп түйіндеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын Қостанайда ондаған отбасы баспанасыз қалғанын жазғанбыз.