Президент ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сондай-ақ әйелдер мен ерлердің амандасу кезінде бір-бірін бетінен сүюі қазақтың дәстүріне жат екенін атап өтті.
Журналист Мемлекет басшысының азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен қоғамдық этика қалыптастыру туралы бастамасына қатысты сұрақ қойды. Оның ішінде өзгеге құрмет көрсету, заң мен тәртіпті сақтау, өзін сыйлау және жауапкершілік таныту күнделікті дағдыға айнала ма деген сауал қойылды.
Президент бұл бастаманы науқан ретінде емес, нақты іске бағытталған ұсыныс ретінде көтергенін айтты.
– Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқанға емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес, – деді ол.
Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қылық салт-дәстүрімізде ешқашан болмаған.
– Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған. Тіпті, осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз. Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жүріс-тұрыс әдебімен қатар, қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін дәріптеу қажеттігін көтерді.
– Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз, – деді ел Президенті.
Бұған дейін Қ. Тоқаев «Вице-президент кім болады?» деген сұраққа жауап берген еді.
Оған қоса, Мемлекет басшысы Үкіметтің отставкаға кететінін және құрамында бірқатар өзгеріс болатынын мәлімдеді.