Салтанат Ахметова мен Нұрлан Әлімжанов ҚР Тұңғыш Президенті Қорының сыйлығын алды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Назарбаев орталығында» 19 талантты ғалымдар мен өнер майталмандары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры сыйлығының лауреаттары атанды.

«Талантты жастарды қолдау - Тұңғыш Президент қорының басты мақсаттарының бірі. Сондықтан, жүздеген жастар жыл сайын біздің назарымызға ілігіп, осындай қолдау тауып отыруы дәстүрге айналды», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының директоры Сағындық Нұраханов.

Оның айтуынша, Қор ашылған 6 жыл ішінде 100-ге жуық сыйлық табыс етілген.

«Бұл награда танымал қайраткерлерге өздерінің жоғары статусын тағы бір дәлелдеудің, ал дарынды дебютанттар үшін өздерін көрсетудің тамаша мүмкіндігі», - дейді қор директоры.

Айта кетейік, 2014 жылы қор сыйлығына үміткер ретінде еліміздің түкпір-түкпірінен 73 жоба ұсынылды. Барлық өтінімдерді жетекші сарапшылар, Қор жанындағы Жас ғалымдар кеңесі мен Жас шығырмашыл жастар кеңесінің мүшелерінен құралған конкурстық комиссия қарады. Іріктеу нәтижесі бойынша 19 ең дарынды өкіл беделді наградаға ие болды. Олардың ішінде «Астана Опера» опера труппасының солисі Салтанат Ахметова, «Қазақфильм» киностудиясының актері Нұрлан Әлімжанов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Ғалия Ірмұхаметова, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің оқытушысы, биология ғылымдарының кандидаты Вадим Хасанов және басқа да дарындылар бар.