Салтанат Рахымбекова аллеясына жүзден астам ағаш отырғызылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың астаналық саябағындағы Салтанат Рақымбекова аллеясына 110 түп ағаш отырғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Салтанат Рахымбекова «Жасыл» экономика қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясының және ауыл әйелдері мен ауыл жастарын қолдау жөніндегі бірқатар қоғамдық ұйымдардың негізін қалаған еді. Ол 2020 жылы тамыз айында пневмониядан көз жұмды.

Қазан айында оның серіктестері мен пікірлестері, шәкірттері азаматтық қоғамды, «жасыл» экономиканы дамыту мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы еңбектерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында Салтанат Рахымбекова атындағы аллея ашты.

«Аллея ашылғанда 55 ағаш отырғыздық. Себебі Салтанат 55 жасында өмірден өтті. Енді жадымызда мәңгі 55-те болып қалады. Бүгін 110 ағаш егеміз. Оның жартысын әріптестері, қалған 55-ін жақындары мен туған-туыстары отырғызады. Енді жыл сайын көктем мен күзде мамандармен ақылдаса отырып, ағаш санын көбейтеміз деген ойымыз бар. Ең азы 55 талдан отырғызуға тырысамыз. Бұл шараны қолдағаны үшін қала әкімдігі мен аудандық әкімдіктерге, парк әкімшілігіне алғыс айтамыз. Одан кейін әрине Салтанаттың жұмыстағы әріптестері мен жолдастарына да бірауыздан атсалып, көмектескендері үшін рахмет», - деді С. Рахымбекованың күйеуі, «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рахымбеков.

Сонымен бірге, қоғам қайраткері Айгүл Соловьева аллеяға ағаш отырғызудың тұрақты дәстүрге айналатынын жеткізді.

«Біз бүгін қоғам үшін еш қайтарымсыз жұмыс істеген осындай шуақты, жарқын адамды үлкен өкінішпен еске аламыз. Аллея әрқашан тұрғындарға жайлы атмосфера сыйлайды. Әрине, оның ізбасарлары, шәкірттері күтім жасап, жақсартатыны сөзсіз, бұл – Салтанат Темірқұлқызы Қазақстанда жүргізген барлық жобалардан кейін адамның «жасыл» із қалдыруының жақсы мысалы», - деді А. Соловьева.

Өз кезегінде Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов Президенттің 5 жылда ел бойынша 2 млрд-тан астам ағаш егілуі керек деген тапсырмасын атап өтті.

«Осы экологиялық акция ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың таяу арадағы бес жыл ішінде бүкіл республика бойынша екі миллиардтан астам ағаш отырғызу арқылы Қазақстанды ауқымды көгалдандыру туралы бастамасын қолдау мақсатында өткізілуде. Ағаш отырғызуға мемлекеттік органдар тарапынан министрлік өкілдері, депутаттар, халықаралық ұйымдар атсалысады», - дейді А. Сүлейменов.

Айта кетейік, Салтанат Рахымбекова ҚР Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес мүшесі, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, «жасыл» экономика көшбасшысы болды. Қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, 200-ден аса ғылыми мақалалар мен «Жасыл жол. Expo-2017 және жасыл экономика» (2018 ж.), «Тұрақты дамудың жасыл коды» (2020 ж.) кітаптарының авторы.

Көзі тірісінде С. Рахымбекова азаматтық қоғамның дамуына баға жетпес үлес қосты, оның ішінде жасыл экономиканы, экологияны және ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуда ондаған әлеуметтік жобаларды сәтті жүзеге асырып, Қазақстанның 7 аймағында жасыл технологиялар орталығы сияқты тұрақты алаңдар құрған, ауыл әйелдерінің форумдары, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша көшбасшылар қозғалысы және т. б.жұмыстарда өз ізін қалдырды.

С. Рахымбекова атындағы аллеяға ағаш отырғызу шарасына министрлік басшылары, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, әріптестері, шәкірттері мен достары, Салтанат Темірқұлқызының отбасы мен туыстары қатысты.