«Тез арада жауап бергені үшін Білім және ғылым министрлігіне алғыс білдіре отырып, 1-сынып оқушысының біркүндік көтеретін сөмкесінің нақты салмағын көрсететін бейнетаспаны назарларыңызға ұсынамын», - деп жазды Салтанат Тәжиева өзінің Фейсбуктегі парақшасында. Бейнетаспада Салтанат Тәжібаева 1-сынып оқушысының сейсенбі күнгі сабаққа қажетті сауат ашу, өзін-өзі тану, көркем еңбек, жаратылыстану, математика оқулықтары мен қажетті заттарын және жарты литр су салып, сөмкенің салмағын таразыға салып өлшеді. Сол кезде сөмке салмағы 5 келі 225 грамм болды. Оған қосымша денешынықтыру қажетті киімдерін қосқанда баланың бір күн арқалап жүретін сөмкесінің салмағы 6 келі 375 грамм шықты.
Айта кетейік , бүгін бастауыш сынып мұғалімі және оқу бағдарламасын жасаушы Байтенова Қаламқас Қадырбекқызы 1-сынып оқушысының барлық оқулықтары мен жұмыс дәптерлерінің салмағы жеңіл және бүгінгі техникалық, гигиеналық талаптарға толығымен сай келетіндігін, сондықтан да аптасына 5 күндік сабақтарына апаратын оқулықтардың өзі де балаға ешқандай ауырлық та, қиындық та тудырмайтындығын айтқан болатын.