Салық мәдениетін сақтау астаналықтарға жеңіл көлік ұтып алуға көмектеседі

АСТАНА. Наурыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ - Салық мәдениетін сақтау астаналықтарға жеңіл көлік ұтып алуға көмектеседі.

Сәуірдің 1-інен бастап Астанада «Чекті талап ет те, автокөлік ұтып ал!» деп аталатын акция басталғалы отыр, деп хабарлады «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалынан.

Акция шарты бойынша, тұтынушылар дүкендерде сауда жасау кезінде заңды кассалық чектерін талап етулері керек, осы қағаз өзіндік лотерея билеті болмақ. Елордалық салық департаменті «Нұр Отан» филиалының қолдауымен және тоғыз қоғамдық бірлестіктің қатысуымен осындай бастама көтеріп отыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қадамдар салық төлеушілердің арасында салық мәдениетін жетілдіруге көмектесетін болады. Акция туралы толығырақ кейіндеу хабарланады.