Салық пен жемқорлыққа қарсы заңды бұзғандардың сайланбалы лауазымға қол жеткізуі шектеледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңын қабылдады. Парламент қабылдаған Заң енді Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Айта кетерлігі, аталған құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасымен тығыз байланысты болып табылады. «Бұл ретте заң жобасымен сайланбалы лауазымға үміткер болып табылатын адамдар ұсынатын декларацияның атауын «табыстары мен мүлкі туралы декларация» дегеннен «активтері мен міндеттемелері туралы декларация» деп ауыстыру көзделген. Жалпы, бұл Заңның қабылдануы салық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзатын адамдардың сайланбалы лауазымға қол жеткізуін шектеуге ықпал етеді»,- деді құжат бойынша баяндаған ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Еске сала кетсек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бүгінгі отырыста бірінші оқылымда мақұлданған болатын.