Мемлекет басшысы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында салық режімдері мен рәсімдерін оңтайландыру, кірістер мен шығыстарды жаппай салықтық декларациялау, тәуекелдерді басқару жүйелерін енгізу, кеден және салық жүйелерін интеграциялау секілді шаралар көзделген. Мемлекеттің салық жүйесі ұлттық экономиканың талаптарына және қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруі тиіс, олардың қатарында еліміздің кірісін төмендетіп отырған мұнай бағасының арзандауы; экономикалық өсімнің баяулауы; ұлттық валюта бағамының төмендеуі; Ресейге қарсы енгізілген санкциялардың ықпалы да бар.
Осы тұрғыда Сенат төрағасы Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев салық жүйесі бюджетті теңгерімдеумен қатар, экономиканың құрылымдық өзгерістері мен инновациялық дамуын қамтамасыз етуге, жоғары технологиялық өндірісті құруға және шикізаттық емес экспорт пен өңделген өнімнің өсімін ынталандыруға бағытталуы тиіс деп санайды. «Біздің басты мақсатымыз - мемлекеттің және салық төлеушілердің мүдделерін үйлестіре отырып, тиімді және болжамды салық жүйесін құру», - деді жоғарғы палатаның басшысы. Бүгінгі қазақстандық салық заңнамасы көптеген елдермен салыстырғанда мейлінше ырықтандырылған және Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бизнес үшін ең тартымды болып табылады. Мұны Дүниежүзілік банктің рейтингісі де растай түседі, онда Қазақстан «салық салу» индикаторы бойынша 17-орында тұр. Мемлекет басшысының бес институттық реформасын іске асыру аясында салық салу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобалары қажет делінген. Ұсынылған шаралар көлеңкелі экономиканы қысқартуға және салықтық әкімшілендірулерді жақсартуға бағытталған. Бес институционалдық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 44 және 45-қадамдарын жүзеге асыру мақсатында келесі жылы салық заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Бұл ретте заң жобасы негізінен жанама салықтарды әкімшілендіру және көлеңкелі экономиканы төмендету шараларын қамтымақ. Бұл туралы Ұлттық Экономика министрі Е.Досаев: «44-қадамды жүзеге асыру аясында жанама салық салу тетіктерін өзгертетін норма қарастырылады, соның ішінде қосылған құн салығын сату салығына ауыстыру тетіктері қаралады. Бұдан бөлек, тәуекелдерді басқару жүйесінің енгізілуіне байланысты, мемлекеттік кіріс органдарының жаңадан енгізіп жатқан электрондық түбіртектер беруін уақытша тоқтату мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал. Сондай-ақ, мемлекеттік кіріс органдарына мәліметтерді онлайн режиммен беретін терминалдар мен кассалық аппараттарды енгізу көзделеді. Қолма-қол ақша айналымын төмендету мақсатында карточкамен есеп айырысуларға комиссия төмендетіліп, төлем терминалдарына жеңілдікті лизингтер қаралуы ықтимал», - дейді. Оның айтуына қарағанда, қосылған құн салығы бойынша қолданыстағы жеңілдіктер айтарлықтай қысқарады. Ал сатуға салынатын салықтарды енгізу мүмкіндігіне қатысты мәселелерді қарастыру үшін 2015 жылдың 1 қарашасынан арнайы жұмыс тобы құрылатын болады. «Ұлт жоспарының 45-қадамы аясында заң жобасымен шығыстар мен кірістердің міндетті салықтық есептілігін қамти отырып, қолданыстағы салық режимін оңтайландыру көзделеді. Ал бухгалтерлік есеп жүргізу мен есептілікті тапсыру бойынша қызметтер көрсетуді ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Кәсіпкерлерді қолдау орталығының базасында жүзеге асыру ұсынылады. Бұдан бөлек, үш деңгейлі салықтық режимді 2017 жылдың қаңтарынан енгізу жоспарланып отыр. Мұның біріншісі жеке кәсіпкерлер үшін патент, екіншісі кірістер мен шығыстардың салықтық есептілігін жүргізетін шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимі. Үшіншісі - нарықтың барлық субъектілеріне арналған жалпы режим», - деді Е. Досаев. Қазіргі кезде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру үшін бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында салықтық әкімшіліктендіруді жетілдіру және алдын алу-бақылау шараларын оңтайландыру қажеттігі туындап отыр.