Салық төлеуден жалтару фактісі бойынша келтірілген шығын 14 миллиард теңгеден асады ? қаржы полициясы

None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ағымдағы жылдың 3 айында қаржы полициясы органдарының қызметкерлері салық төлеуден жалтару фактілері бойынша 178 қылмыстық іс қозғап, оның 102-сі сотқа жолданған.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның мәліметтеріне қарағанда, аталмыш қылмыстардан келген зиянның көлемі былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 85,4 пайызға артып, 14,5 миллиард теңгені құраған. Оның 12 миллиард 100 миллион теңгесі қайтарылған. «Салық төлеуден жалтару фактілерінің басым бөлігі қазір жалған кәсіпорындардың қызметімен байланысты болып отыр. Сондықтан Агенттіктің бастамасымен 2007 жылдың шілде айының 1-інен бастап, жалған кәсіпкерлік үшін жауап қатайтылатын болады. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 192-ші бабына тиісті толықтырулар енгізіліп, жалған кәсіпкерлік ауыр қылмыстар қатарына енгізілді», деді ресми өкіл. Оның айтуынша, мемлекет өмірінде салық мәселесі үлкен маңызға ие. Сондықтан салықтан жалтару үшін берілетін ең ауыр жаза 5 жылға бас бостандығынан айыруды көздейді. Сонымен қатар айыпты азамат 5 жыл бойына белгілі бір лауазымды қызметті атқара алмайды.