Салықтан жалтарған үндістандық компанияларға Қазақстан заңы қолданылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Салықтан жалтарған үндістандық компанияларға Қазақстан заңы қолданылатын болады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы отырыста министр «1996 жылғы 9 желтоқсанда Нью-Делиде жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы қосарланған салықты болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Үндістан Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы жобасын ұсынған болатын.

 «Ратификациялау үшін сіздерге ұсынылып отырған хаттама біріншіден, ақпарат алмасуды кеңейту жолымен екі мемлекеттің салық қызметтерінің ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді. Екіншіден, салықтан жалтарулар мен Конвенция ережелерін теріс пайдаланулар болған кезде ішкі заңнаманы қолдануға мүмкіндік жасайды. Үшіншіден, салық органдарының салықтық берешектерді өндіріп алу бойынша салық қызметтерінің ынтымақтастығын кеңейту жолымен салықтан жалтаруды болдырмауға мүмкіндік береді», - деді министр.

Сонымен қатар министрдің айтуынша,  хаттамада «Қазақстан» терминіне өзгерістер енгізілді, қазақстандық салықтардың атаулары жаңартылды, уағдаласушы мемлекеттердегі резиденттікті анықтауды реттейтін баптың ережелері нақтыланды. Негізгі өзгерістер Қазақстан Республикасының аумағында бейрезиденттің табиғи ресурстарды барлау және қызметтер көрсетуі кезінде тұрақты мекеме құру тәртібіне қатысты.

«Атап айтқанда, хаттамамен табиғи ресурстарды барлау немесе осындай жұмыстардың орындауын бақылауға байланысты қызметтерді көрсету кезінде бейрезиденттің табыстарына салық салу тәртіптерін нақтылайтын өзгерістер енгізілді. Салық салу мәселелерінде осы Хаттаманың екі мемлекет арасындағы заңнамалық база ретіндегі рөлін атап өткім келеді», - деді ол.

Сұлтановтың айтуынша,  Қазақстан мен Үндістан арасында тауар айналымы соңғы 10 жылда 5 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл 2016 жылы 618,4 млн АҚШ доллары болған еді. Қазақстандық экспорттың негізгі бөлігі уран мен шикі мұнай өнімдері болып табылады. Ал импорт құрылымында қара шай, дәрілік заттар басымдыққа ие.