Салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен өтеген жағдайда салықтық заң бұзушылықтарды декриминализациялау қажет - У.Вокури

АСТАНА. ҚазАқпарат - Салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен өтеген жағдайда салықтық заң бұзушылықтарды декриминализациялау қажет. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы шетел инвесторларының 28-ші кеңесінде «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» қауымдастығы басқармасының төрағасы Ульф Вокури айтты.

«Біз кеңес қарауына келесі ұсыныстарды енгіземіз. Біріншіден, визасыз режім енгізу үшін елдердің тізімін кеңейту, сонымен бірге қолданыстағы тізімдегі елдер үшін оны ұзарту мүмкіншілігін қарастыруды ұсынамыз. Екіншіден, салықтар мен айыппұлдарды өз еркімен өтеген жағдайда салықтық заң бұзушылықтарды декриминализациялау, сондай-ақ жеке бизнес субъектілері арасындағы экономикалық қарым-қатынасты дектриминализациялау саласы бойынша ұсыныстар әзірлеу мүмкіншілігін қарастыру қажет», - деді ол.

Оның атап өтуінше, үшіншіден, салық салуды айқындау ұстанымын нақтылау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру керек. Төртіншіден, Назарбаев Университеті жанындағы Astana Business Campus ғылыми паркі мен «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлер қоры жобаларын қаржыландыруға жер қойнауын пайдаланушыларды тарту мақсатында шараларды жетілдіру мүмкіндігін қарастырған жөн.

«Бесіншіден, басымдықты бағыттар бойынша жаңа технологияларды тиімді беру және іс жүзінде кәдеге жарату үшін қажетті білім мен дағдыға жетік білікті кадрлармен қамтамасыз етуде шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыру қажет», - деді У.Вокури.