Салықты жергілікті органға беру емес, салық базасын кеңейту мәселесі өзекті - Е. Досаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда жергілікті деңгейге салықты беру туралы мәселе тұрған жоқ, салық базасын кеңейту өзекті болып отыр. Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, егер бүгінгі күні тұтастай корпоративтік табыс салығын жергілікті органдарға қалдырса, олардың трансферті кез келген салықтан асып түседі. «Сондықтан да, бүгінгі күні біздің алдымызда салық базасын кеңейту туралы мәселе тұр. Бұның өзі шағын және орта бизнесті дамыту, салық төлеушілердің қатарын арттыру деген мәселелерді де тұтастай қамтымақ», - деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда салықтың барлық түрлері бойынша түсімдер құбылмалы болып отыр. Мәселен, түрлі себептерге орай, ағымдағы жылы 240 млрд теңге шамасындағы қаражат «жоғалған».

«Яғни, егер субвенциялық аудандарға олардан түсетін барлық салық түрлерін қалдырсақ, бұл жергілікті атқарушы органдар үшін салықтық базаның тұрақтылығына кепіл болады деген сөз. Өйткені, дотациялық бюджеттер құрылымында тек 30-35 пайызы ғана салық есебінен қамтылады», - дейді министр.

Еске сала кетейік, заң жобасы ҚР Президентінің мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы функциялардың аражігін ажырату жөніндегі негізгі қағидаттары мен тәсілдерін іске асыруға бағытталған.