Бұл туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде шағын және орта бизнес субъектілері үшін негізгі салық сомасын төлеген жағдайда үстіндегі өсімпұл мен айыппұлды алып тастауды, яғни рақымшылық жасауды тапсырған болатын. Себебі өткен жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елімізде 90 077 шағын және орта бизнес субъектісінің 210,4 млрд теңге көлеміндегі өтелмеген салықтық берешегі болған. Бұл соманың өсімпұлы - 122,9 млрд теңгені құраса, одан бөлек 7,4 млрд теңгені құрайтын айыппұл бар. Бүгінде олардың 37 644-і өз берешегін өтеді. Демек 2,0 млрд теңге көлеміндегі өсімпұл мен 99,0 млн теңгені құрайтын айыппұл салықтық рақымшылыққа ілінді», - деді Ж. Іңкәрбаев.
Сондай-ақ, комитет басшысының орынбасары салықтық рақымшылыққа қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілгенін айтып өтті.
«Үстіміздегі жылдың 30 қаңтарында өткен Үкімет отырысында Елбасы жеке тұлғаларға арналған салықтық амнистия жариялауды тапсырған болатын. Осы орайда ҚР Қаржы министрлігі салықтық рақымшылық заңнамасын қайта қарап, тиісті өзгерістер мен толықтыруларды енгізді. Қазіргі уақытта аталған заңнама Парламенттің қарауында жатыр. Заң қабылданған жағдайда жалпы сомасы 13,9 млрд теңге мемлекетке берешегі бар 1,4 млн адам салықтық рақымшылыққа ілінеді. Яғни салық төлеушілер 6,3 млрд теңгені құрайтын өсіппұл мен айыппұлды төлемейді», - деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеуде ең жоғары көрсеткіш қай салаға тиесілі екендігі жөнінде мәлімдеме жасаған болатын.
Одан бөлек, Ж. Іңкәрбаев өз баяндамасында салық төлеуде еліміздегі ең белсенді аймақтарды атап берді.