«Salyq кэшбэк». Чек сканерлеу арқылы сыйақы алатын өңірлер аталды

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақылар төлеу жөніндегі «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасы қайта басталды, деп хабарлайды Мемлекеттік кірістер комитеті.

Мемлекеттік кірістер комитеті микро және шағын бизнес субъектілері берген бақылау-касса машиналарының фискалдық чектері бойынша сыйақылар төлеуге бағытталған 2025 жылғы 15 наурызда басталатын «Salyq кэшбэк» пилоттық жобасының қайта жаңғыртылатыны туралы хабарлайды.

«Salyq кэшбэк» жобасының бірінші кезеңі оң нәтиже көрсетті: берілген чектердің саны 2 есеге артты, ал осы чектер бойынша сомма 32%-ға өсті. 2024 жылғы 2 жартыжылдық 2023 жылғы 2 жартыжылдықпен салыстырғанда, жоба Семей қаласында, Абай облысында және Ақкөл ауданында іске асырылды.

Жобаның екінші кезеңінде оны іске асыру мына аумақтарды қамтиды:

— Өскемен қаласы, Шығыс Қазақстан облысы;

— Жетіқара ауданы, Қостанай облысы;

— Жақсы ауданы, Ақмола облысы;

— Аршалы ауданы, Ақмола облысы.

— «Salyq кэшбэк» жобасына кез келген адам қатыса алады. Ол үшін тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу кезінде (қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз тәсілмен де) фискалдық чек алу, «Amian» арнайы мобильді қосымшасындағы чектен штрих-кодты сканерлеу және сатып алу сомасының 2% мөлшерінде сыйақы алу қажет. Сыйақылар «IT Analytics» ЖШС операторы арқылы «Amian» мобильді қосымшасын пайдалана отырып есептеледі. «Amian» қосымшасын App Store және Google Play-да тегін жүктеуге болады, — делінген комитет хабарламасында.

Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерді бақылау-касса машиналарды белсенді қолдануға және әрбір сатып алушыға фискалдық чектер беруге шақырады, бұл тұтынушы құқығын қорғауға және мемлекеттік бастамаларды қолдауға ықпал етеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Серік Жұманғарин Салық реформасын сынап жүргендердің артында кім тұрғанын айтты.