Самара облысында Сызраньнің бұрынғы полиция бастығын отбасымен түгел өлтіріп кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше түнде Самара облысында шабуыл жасалып, Сызраньнің бұрынғы полиция бастығы және оның отбасы өлтірілді, деп хабарлады РИА Новости агенттігіне құқық қорғау органдарындағы дереккөз.

Алты адамның - үш ер адам мен үш әйелдің денесі Сызрань ауданының Ивашовка селосында табылды. Өлтірілгендер - Андрей Гошт пен оның туыстары. Оқиға орнынан жеті жасар қыз табылды, ол ауыр жарақатымен ес-түссіз күйде Сызраньнің орталық қалалық ауруханасына жеткізілді.

Аймақтық ІІМ басқармасының баспасөз қызметі Андрей Гошттың қайғылы қазаға ұшырағанын қуаттады.

Оқиға орнында тергеу тобы жұмыс істеуде. Бұдан әрі іс Тергеу комитетінің Бас тергеу басқармасына берілді.

Андрей Гошт Самара облысының ІІМ қалалық басқармасы штаб бастығының орынбасары болып қызмет атқарған болатын. Бұдан бұрын Ресей ІІМ-нің «Сызрань» муниципаларалық басқармасына басшылық етті.