Самарқандта жанармай құю стансасы жарылып, қаза тапқандар бар

Фото: Фото: Kun.uz

Өзбекстанның бір облысындағы автожанармай құю стансасында болған жойқын жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты. Қайғылы оқиға жүк көлігін жанармаймен толтыру кезінде орын алған, деп хабарлайды kun.uz.

Жарылыс Каттакурған ауданындағы жанармай құю стансасында болды. Оқиға орнында екі адам сол сәтте көз жұмған. Kun.uz мәліметінше, үшінші адамның өмірі үшін дәрігерлер бірнеше күн күрескенімен, ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

— ЗИЛ жүк көлігін дизель отынымен толтыру кезінде көлемі 10 текше метр болатын резервуарларда тұтанып кеткен, — делінген полиция таратқан хабарламада.

Оқиға салдарынан жанармай құю стансасының басшысы, оператор және жүк көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Облыстық ІІБ баспасөз хатшысы Хамидулла Сагдуллаевтың айтуынша, бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 259-бабының 2-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетелік Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы үш қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, ғимарат құлады. Оқиға орнынан алты адамның денесі табылған еді.