Самат Нұртаза: Қазақстан мен Қытай басшылары бір-біріне өте жақын екенін көрсетті
Бүгін Қытай Төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрші ел басшысын ерекше құрметпен қарсы алғаны мәлім. Бұл сапардың алдында екі мемлекеттің көшбасшысы бұқаралық ақпарат құралдарына жылы лебізге толы сұхбат беріп, мақала жариялаған еді. Бұның астарында қандай мән жатқанын Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Самат Нұртаза Kazinform тілшісіне айтып берді.
– Қытай Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға бесінші рет келіп отыр. Қос мемлекет басшылары бір-біріне өте жақын, тығыз байланыста, ерекше ілтипат көрсетіп жүретінін көрсетті. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жэньминь Жибао» тілшісіне берген сұхбатынан байқадық. Бұдан кейінгі кезекте екі тарап экономикалық, сауда-саттық, логистика мәселелерін талқылауға ынталы екені аңғарылды. Қытай Төрағасы сапар алдындағы мақаласында «Бір белдеу және бір жол» бастамасы мен тасымалдау жайына арнайы тоқталған екен. Мысалы, қазір Тынық мұхитта, бұғаздарда қытайлық кемелер көптеген проблемаларға тап болуда. Сондықтан шығыстағы көршіміз Еуропамен байланыстырып жатқан Қазақстан арқылы тауар жеткізуге мүдделі. Бұл Қазақстан үшін де пайдалы болмақ, транзиттік жолдар арқылы еліміз бюджетіне түсетін табысты молайта алады. Яғни, екі тарап қазақ-қытай жайын толық қамтып сөйлеспек, – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Самат Нұртаза Астанада өткелі жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің жаһандық саясаттағы маңызы зор болатынын жеткізді. Шешімін таппай келе жатқан көптеген түйткілдер айтылып, ерекше келісімдер болуы мүмкін.
– ШЫҰ-ның қазір беделі артып жатыр. Ұйымның саяси салмақ алғанын басқа елдер де түсініп, мүше болуды ойластыруда. Саммитке әлемдегі ықпалды елдердің басшылары қатысайын деп отырған соң көп нәрсе күтеміз, геосаяси мәселелер де шешімін тауып, еліміз халықаралық аренада абыройлы екенін көрсетуі мүмкін, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары қарсаңында Синьхуа агенттігіне сұхбат бергенін хабарлаған едік.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жэньминь Жибао» тілшісіне де сұхбат берді.
Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік сапар алдында Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына арнап жазған авторлық мақаласын жариялады.